"Ауғанстанда 34 миллион халық кедей болғандықтан Қазақстан оларға көмектеседі": Экономист екі ел қарым-қатынасы туралы айтты
1 тамыз күні Астанаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келген болатын. Ал 3 тамыз күні елордада алғаш рет екі ел өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтіп, құны 190 млн доллардан асатын келісімге қол қойылған еді. Осыдан кейін қазақстандықтар арасында Қазақстан мен Ауғанстанның ортақ талқылайтын дүниесі бар ма? Екі ел бір біріне қандай пайды әкелуі мүмкін? деген сұрақтар пайда болды. Осы сұрақтарға экономист Мақсат Халық Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мақсат Халықтың айтуынша Ауғанстан тауар айналымы бойынша үздік 10 елдің қатарында. Тауар айналымы жағынан алып қарасақ бұл ел Қазақстан экономикасы үшін өте тиімді.
“Нақты экономикалық сандарға жүгінетін болсақ Қазақстан мен Ауғанстанның сауда қарым-қатынасы 1 миллиард долларға жақындап келеді. Бұл жақсы көрсеткіш. Ауғанстан тауар айналымы бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреді. Қазақстан Ауғанстанға қаншама тауар өткізіп, қаншама тауар сатып алып отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ екі ел арасындағы сауда қарым-қатынас осы жылдың 6 айының ішінде 350 миллион долларға жеткен. Ауғанстаннан сатып алған тауардың көлемі 9 миллион долларға жетеді. Қалғанының барлығына біз Ауғанстан еліне тауар сатқанбыз. Демек тиімді.
Билігінде кім отырса да Қазақстан Ауғанстан үшін азық-түлік қауіпсіздігі жағынан ең маңызды елдердің бірі. Сырттан сатып алатын бидайының 70%-ын Қазақстаннан алып отыр. Бірінші кезекте, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайында қолайлы. Екінші кезекте, Ауғанстанның әлеуметтік өмір сапасы мен халық жағдайының көтерілуіне Қазақстанның берер көмегі өте жоғары” - деді экономист.
Экономистің айтуынша олар қазба байлықтарын дұрыс игере алмай, экономикасы шиеленісті жағдайда тұр. Қазақстан осы тұрғыдан алғанда Ауғанстан үшін ең керекті көмекті бере алады.
“Бірінші кезекте олардың қазба байлықтары бар. Әсіресе тау-кен саласында. Түрлі түсті металдар мен мұнай да бар. Бірақ Ауғанстан оның бәрін игере алмай отыр. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайы шиеленісіп тұр деп айтуға негіз бар. Халықтың саны 35-40 миллион арасында. БҰҰ келтірген дерекке сүйенсек Ауғанстанда 34 миллион халық кедейшілік деңгейде өмір сүреді. Демек халықтың бәрі кедей деген сөз. Осы тұрғыда әрине Қазақстанның орны жоғары болады.
Бір артықшылығы, Ауғанстан Орта Азиядағы ірі мемлекеттермен қарым-қатынас түзетін үлкен өткел болып тұр. Пәкістан мемлекетінде 230 миллион халық бар. Әрі қарай Біріккен Араб Әмірліктері. Осы елдермен қандай да бір транзиттік өткел үшін Ауғанстанның белгілі бір рөлі бар. Сол транзиттік өткел арқылы Қазақстан өз тауарларын аты аталған елдерге қарай экспорттауға мүмкіндік алады. Екінші артықшылығы, Ауғанстанның біздің тауарларымызды қолдануы екі елдегі сауда-саттық қарым-қатынасында Қазақстанның үлесі 90% екенін көрсетеді. Демек мұның өзі Қазақстан үшін оңтайлы” - деді Мақсат Халық.
Экономист Мақсат Халық “Талибан” (Қазақстан мен басқа да бірқатар елдерде тыйым салынған) қозғалысының Қазақстанға әсері бола ма? деген сауалға да жауап берді.
“Бұл жерде стратегиялық тұрғыда маңызды мәселе бар. Талибан қозғалысы экстремистік, террористік қозғалыс ретінде танылып келген еді. Бірақ Ауғанстанның өзіне қарайтын болсақ талибан ғана емес “Даиш”, ”Әл-Қаида” сияқты радикалды ағымдардың бар екенін айтуымыз керек. Одан кейін өздерінің арасында тұрақсыздың процесі жүріп жатыр. Егер де қазіргі уақытта әлем Ауғанстан мемлекетін оқшаулай беретін болса радикализм күшке ене береді. Ол тек Ауғанстанның ішінде қалмай көрші мемлекеттерде де тарайтыны түсінікті. Соның ішінде Орта Азия бар. Белгілі бір дәрежеде оның қауіп-қатері де жоғары. БҰҰ-ның Ауғанстандағы кедей халықтың көбейіп жатқанын дабыл қағып айтатыны да сондықтан. Ашаршылық болып кетпей әлемдік дәрежеде көмек қолын созу Орта Азияның тұрақтылығы үшін үлкен үлес қосады. Егер қатты кедейленіп кетсе, ашаршылық өршіп кетсе радикализм күшейеді. Айтып отырғаным идеологиялық, саяси мәселелер.
Қазақстан 2013 жылдан бастап Ауғанстан мемлекетіне белсенді көмектесе бастағанын байқаймыз. Сол жылы Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі 13 мың 600 доллар болған. Сол уақытта БҰҰ, Әлемдік қауымдастық бойынша Қазақстан табысы орташа елдер қатарына қосылды. Содан кейін өзінен де кедей мемлекеттерге көмектесуге міндеттелді. Ауғандықтардың 100 азаматына біздің елде грантта оқуға мүмкіндік бердік.
Одан бөлек гуманитарлық көмек жасап келеміз. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ белгілі бір дәрежеде Ауғанстан үшін Қазақстанның рөлі өте жоғары. Сыртқы бейнесі жағынан Ауғанстан үшін мықты имидж қалыптастырды деп айтуға негіз бар. Осы тұрғыда екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай экономикалық, сауда қарым-қатынасы бағытында жалғастыра беру керек” - дейді ол.
Сондай-ақ Ауғанстандағы кедейлік мәселесі әлемде босқындардың көбеюіне алып келуі мүмкін.
“Екінші мәселе босқындар көбейе береді. Ал босқындар мәселесі Сирия жағдайында Еуропаға үлкен ауыртпашылық алып келді. Ауғанстан жағдайында қарайтын болсақ босқындардың бағыты Тәжікстан, Иран бағытына ауып жатыр. Ендігі бағыты осы Орта Азия болуы мүмкін. Егер де ол жақтағы ішкі мәселе шешімін таппаса үлкен зиян әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан экономикалық бағытта Ауғанстанмен дұрыс қарым-қатынас дамытатын болса жалпы БҰҰ, Әлемдік қауымдастықтың көзқарасы кері болмауы керек” - деді экономист Мақсат Халық.