Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыс болды

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында пәкістандық шекарашылар мен "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) мүшелері арасында қарулы қақтығыс болды. Оқиға Торхам бақылау-өткізу бекетінің маңында орын алды. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Торхам екі ел шекарасындағы ең көп адам жүретін өткізу пункті. Қақтығысқа ауғандықтардың бекіністерді тұрғызу әрекеті себеп болған. Алдымен пәкістандық тарап атысты бастаған. 

Бақылау бекеті арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды. Шекараның екі жағындағы бейбіт тұрғындар үйлерін тастап, қауіпті аймақтан кетуге тырысуда.

Тамыз айында Пәкістан билігі тәліптерді Ауғанстанның шекаралас Хайбер-Пахтунхва провинциясында 50-ден астам адамның өмірін қиған лаңкестік әрекетке қатысы бар деп айыптады. Жауап ретінде Ауғанстанның ішкі істер министрі Сиражуддин Хаккани Пәкістан билігінің тәліптерге қарсы жасаған кез келген агрессивті әрекеті "қатаң жауаппен" жалғасатынын айтты.

Торхам өткізу пункті – Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы үш негізгі сауда және транзиттік жолдың бірі. Исламабад Орталық Азияға коммерциялық тауарларын жөнелту үшін осы бақылау-өткізу пунктін пайдаланады.

Талқылау