Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордалық әуежайдың қызметінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аудиттік тексеру барысында Нұр-Сұлтандағы әуежайдан бірнеше заң бұзушылықтарды анықтады. "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Директорлар кеңесі басқармасына кемшіліктерді толық жою бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу тапсырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.

аэропорт

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді, онда ҚР ИИДМ ішкі аудит қызметі жүргізген компанияның аудиторлық тексеруінің қорытындылары қаралды.

Аудит әуежай басшылығының әуежай қызметінен бірнеше кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды анықтады. Мемлекеттік сатып алу порталынан тыс жүзеге асырылған сатып алулардың басым болуы, шарттар жасасу кезінде ашықтықтың болмауы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі бұзушылықтар, жанармай материалдарын заңсыз босату, ұйымдық құрылымды құрудағы бей-берекетсіздік, қоғам басшылығы арасындағы қызметтік міндеттемелерді заңсыз бөлу сынды заңдылыққа қайшы әрекеттер орын алған.

Сонымен қатар, директорлар кеңесі қажетті рәсімдерді орындамай, әуежай қызметтерін аутсорсингке беру (авиаотынды сату, объектілерді жалға беру) фактілеріне жол берген, бұл қызмет көрсету тиімділігінің төмендеуіне  алып келді.

Отырыс қорытындысы бойынша, кеңес әуежай басқармасына талдау жүргізіп, анықталған бұзушылықтарды толық жою бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді, ұйымдық құрылымды қайта қарауды және олқылықты реттеуді қолға алды. Сондай-ақ, заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау тапсырылды.

Естеріңізге салсақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шешімімен 2022 жылғы 6 қыркүйекте "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып Басқарма төрағасының орынбасары Мұхиден Әбілдинов тағайындалды.

Талқылау