Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауада тұратын сияқтымыз": Ақтөбеде пәтерлеріне иелік ете алмай жүрген тұрғындар әкімдікке баса-көктеп барды

Ақтөбеде тұтас бір үйдің тұрғындары өз баспаналарына иелік ете алмай жүр. Жиған тергенін салған пәтерлерінің заты бар, бірақ құжаты жоқ. "Жилище" тұрғын үй құрылыс кооперативінен пәтер алғандар құжаттарын рәсімдей алмай жүргендеріне 2 жылға жуықтаған. Амалы таусылған халық бүгін қала әкімдігі отырған ғимаратқа баса-көктеп барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімдік алдына жиналған бұл адамдар өздері тұрып жатқан пәтерлеріне құжат рәсімдей алмай жүр. Олар былтыр шілде айында жаңа ауданнан су жаңа пәтер алған. Баспана тапсырылысымен, құрылысқа жауапты компания басшысы, істі болып қамауға алынды. Ал қоныс иелері құжаттарын рәсімдеп үлгермеген.  

"Шілде айынан бері, 2019 жылы біздер алтыншы үй отырмыз. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ, құжат жоқ. Құжат жоқ, ешқандай. Себеп ол кісінің мәселесі шешілген жоқ. Соған байланысты біз де тіркеле алмай жатырмыз, баланы балабақша, мектепке, ештеңеге орналастыра алмаймыз", - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнәр Ерғалиева.

"Емхана қабылдамайды тұрғылықты жер бойынша тіркеу жоқ. Барлық жерде ауада тұрмыз. Енді әкімдік көмек беретін шығар деген оймен осында бүкіл халық жиналып келіп тұрмыз", - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жәнібек Танжарбайұлы.

Осындай жағдайға кооперативтен үй алған жүзден астам тұрғын тап болған. Екі бірдей көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерлерге ақша салғандар, мәселелерін шешетін жан таба алар емес.  

"Бар жаққа жаздық, акиматқа , прокуратураға жаздық. Прокуратураның арызы бойынша сот өтті. Онымен сотта жерімізге тұсау қойған сот оң шешім қабылдамады", - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Дәметкен Өтегенов.

Қала әкімі жиналғандарға төбе көрсетпеді. Ішкі саясат бөлімінің басшысы шығып, даурыққандарды сабырға шақырды. Ол сот шешімі шықпай әкімдіктің де қолы байлаулы екенін жеткізді.

"Негізгі міндеттемелері Қауысов мырзаның бұл азаматтарға қатысты толық орындалмаған. Құжаттар рәсімделмеген, салынған үйлердің ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Бірінші қылмыстық іске қатысты сот шешімі күшіне еніп нүкте қойылғаннан кейін бұл азаматтардың мәселелерімен әрі қарай шұғылданатын боламыз", - деді Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.

Баспанамыздан айырылып қаламыз ба деген жұрт, сотқа да арызданыпты. Облыстық мамандандырылған ауданаралық сот, жуырда азаматтық істі қарап, олардың арызын қанағаттандырмаған. Енді олар, қала әкімдігімен бірлесіп арнайы топ құрған. Мақсат апелляциялық сотқа жүгіну.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2020 20:57
Талқылау