Атыраудағы балалар үйі толықтай жабылып, балаларды түрлі отбасылар асырап алды
Атырауда 1 тамызда ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған балалар үйі жабылатын болды.
Бұл туралы “Ақ Жайық” хабарлайды.
Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің директоры Сания Мусиеваның айтуынша, балаларды асырап және өз қамқорлықтарына аламын деушілердің саны артқаннан кейін, осындай шешім қабылданған. Биыл 10 қыз бен бала мектепті бітірсе, екі баланы патронат отбасы асырап алған, 9 бала қамқорлыққа, ал алтауы тәртіптерін түзеген ата-аналарына берілген. Ал қалған сегіз бала “Шаңырақ” отбасылық типіндегі балалар ауылына жіберіледі.
“Асырап алушылардың көптігі сонша, олардың біразына осындай ықыластары үшін медаль беруге лайық. Мысалы, 2004 жылы Индер ауданындағы бір отбасы бірден 4 баланы алды. Олардың үлкені қазір отбасын құрып, екі қыз тұрмысқа шықты. Ең кішісі университетте оқып жатыр. Сосын ол отбасы бізден тағы екі баланы асырап алды. Бірі колледжде оқыса, бірі үшінші сыныпта”, – дейді Сания Мусиева.
Ал жақында Алматы облысындағы Жыланды ауылының әкімі Әнуарбек Жүнісбеков Атыраудағы балалар үйінен 4 ұл мен 2 қызды өз қамқорлығына алған.
“Былтырғы жылы Атырау облыстық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауова Алматыға іссапары кезінде ірі бизнесмен Бауыржан Оспановпен танысады. Ол Жыланды ауылының тумасы әрі сол жерден физика-математика мектебін ашқан, ал көрші Лепсі ауылынан спорт мектебін тұрғызған. Ол мектептерге Алматыдан білікті мұғалімдерді шақыртыпты. Нұрсәуле Сайлауқызының өтінішімен біздің балалар үйіндегі балалар сол мектептерге орналастырылды”, – дейді ол.
Былтырғы жылы бес бала спорт мектебіне, ал төрт бала лицейге барған.
“Бірде Жыланды әкімі біздің Жеңісгүл мен Ақботаны өз үйіне шақырады. Ол үйде қыздар тамақ дайындап, мал қарап, құрт жасап үйренген. Әкімнің әйелі мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істейді. Біздің қыздардың оларға үйреніп кеткені сонша, оларды әке мен ана деп атайды. Жақында сол әкім бізге хат жазып, балаларды асырап алғысы келетінін айтты. Ақырында әкім балаларды бауырларынан айырмау үшін, Жеңісгүлдің екі сіңлісі мен Ақботаның екі інісін де ол қоса алды”, – дейді Мусиева.
Ал балалар үйі ғимаратының бір бөлігі 2013 жылы дарынды балаларға арналған лицей-интернатқа берілген. Тамыз айынан бастап ғимарат толығымен лицейдің қарауына өтпек.
Тағы да оқыңыз:
Мәсімов шпиондардың Қазақстанның құпия құжаттарын қалай ұрламақ болғанын айтты
Қазақстанда баланы мектепке апару шығыны қанша болады?
Қазақпын деп жылаған қыз анасының сынағынан сүрінбей өтті (видео)
Алматыда баласын көлігінің жүксалғышына салып тасыған жүргізуші жазаланды

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
