Отбасылы азаматқа тұрмысқа шықпақ болған: ақтөбелік қыздың өлімінің жай-жапсары анықталды
Данара Қайыпованың сүйіктісі оны Атырауға алып барып, үйленбек болған. Алайда ол отбасы бар екенін жасырып қалған. Шындықты білген қыз асылып қалыпты.
Сурет: Данара Қайыпованың желідегі жеке парақшасынан
Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды.
Ақтөбелік колледждің студенті 4 қараша күні Атырауға кетіп, тұрмысқа шықпақ болған. Қыздың отбасы құдаларының тарапынан жасалатын тойды күтіп жүрген. Алайда қуанышты хабар орнына: «Қыздарың қайтыс болды. Денесін алып кетіңдер», – деген хабарлама алған.
«Қызым ата-енесінің жақсы адамдар екенін, бақытты екенін айтты. Мен оның сөзіне сендім. Ата-енесін тек қызым өлгеннен кейін көрдім. Мен – 5 баланың анасымын. 10 жыл бұрын бір қызымнан айырылған едім. Енді тағы да басымызға қайғы келді. Қызым Данараның өліміне кінәлі адам жазаға тартылсын!» – дейді Данараның анасы Інжу Қайыпова.
Өзге қалаға барғаннан екі күннен кейін Данара күйеу жігітінің әйелі, екі баласы бар екенін білген. Қыздың өзіне қол жұмсауына дәл осы жағдай себеп болуы мүмкін.
«Менің ойымша, қызымның өліміне жігіттің туыстары кінәлі. Қазір бізге нақты ештеңе белгісіз. Тек Атырауда сараптама жасағанын және «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қылмыстық із қозғалғанын білеміз. Қазіргі жағдайымды айтып жеткізгісіз. Ішімнен шыққан балам қайтыс болды. Оның өліміне кім жауап береді?» – дейді Інжу Қайыпова.
Данара биыл Ауыл шаруашылық колледжіндегі оқуын тәмамдап, диплом алуы тиіс болған. Сұмдық хабарды естіген оқытушылары мен құрбылары алғашқы сене алмаған да екен.
«Данара бізге 11-сыныптан соң келді. Ақыл тоқтатқан, әдемі қыз еді. Қараша айының соңында дипломы алуы керек еді. Өкінішке орай, осындай қайғылы жағдай орын алды. Ол ешқашан сабақтан қалған емес. Колледждегі қоғамдық шараларға белсене қатысатын. Жатақханада тұрып, шәкіртақы алатын. Қыркүйек айында тұрмысқа шыққалы жүргенін естідік. Ол кезде соңғы практика жұмысы қалған еді. Қайтыс боларынан бір күн бұрын құрбысына қоңырау шалып, өзінде бәрі жақсы, бақытты екенін айтқан. Оның не себепті өзіне қол жұмсағаны бір Аллаға ғана аян», – деп еске алды Ауыл шаруашылық колледжінің оқу ісі меңгерушісі Айгүл Есмұқанқызы.
Оқи отырыңыз:
Астанада жартылай жалаңаш жанжалқой бірнеше көлікті қиратты (видео)
Қарағандылық гимназияда бизнес жүргізуді үйрететін жаңа пән енгізілді
Астананың 20 жылдығына орай «Алланың гүлі» аталатын мешіт салынып жатыр (фото, видео)