Атышулы саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы Ринат Зайытов пен Ардақ Назаровтың қандай адам екенін ашық айтты
Қоғам қайраткері, оппозициялық саясаткер, журналист әрі марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туған ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы жуырда ғана мәжілісмен атанған бірнеше депутат туралы сыни пікірін ашық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, таяуда тағайындалған мәжіліс депутаттарының басым бөлігі нағыз халық қалаулысы болатын адамдар емес. Мәселен, бұл тізімде айтыскер ақын Ринат Зайытов та бар екен.
"Көпшілікке танымал ақын Ринат Зайытов туралы қазір әртүрлі пікір айтады. Ринаттың Парламентке барғаннан кейінгі айтып жатқан сөздеріне қарап, бұрын оның сөзіне сенген адамдар қазір қатты ренжулі. Адам өзгермелі, құбылмалы боп тұр ғой. Мұндай құбылмалы заманда осындай мінездегі адамдар, болмысы сондай адамдар керек шығар. Құбылмалы заманда құбылып тұрады. Бұл көпшіліктің сөзі, көпшіліктің пікірін айтып отырмын. Жеке менің де пікірім соған үйлесіп келеді", – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Оппозициялық саясаткер бұл сұхбатында жақында депутат атанған Ардақ Назаровтан да аса қатты үміт күтпейтінін анық айтты.
"Ардақ Назаров туралы тіпті ештеңе айтқым келмейді. Ол – мен сөз ететін тұлға емес. Егер ол бір керемет тұлға боп, қайраткер боп жатса, "О, бәрекелді, міне, осындай" деп айтуға болар еді. Оның Парламент табалдырығын алғаш аттаған сәтінен бастап, журналистерге қайтарған жауабынан-ақ халық көріп, әркім өзі ой түйіп, бағасын беріп жатыр ғой. Соның өзі жеткілікті шығар", – деді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, Рысбек Сәрсенбайұлы мен спортшы Ардақ Назаров биыл 19 наурызда өткен Парламент мәжілісінің депутаттығына Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша кандидат ретінде додаға түскен еді. Сайлау нәтижесі бойынша Ардақ Назаров депутаттыққа өткенімен, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туған ағасына сәттілік серік болмады.
Сондай-ақ Рысбек Сәрсенбайұлы жуырда ғана жасақталған мәжіліс депутаттарының көтерген мәселесін де сынға алды.
"Егер олар бір мәні бар, салмақты тақырыптарды көтеріп жатса, оны көрер едік. Ал ұсақ-түйекті өздерінше әлдеқандай көріп, талқыға салып жатқандарын тыңдаудың ешқандай қызығы жоқ. Олардың айтып жатқан мәселе қоғамның өзінде блогерлер мен басқа да бір пікір айтушылардың сөзінде бар нәрсе. Солардың жиынтығы ғана. Ал енді жалпылама "тисе терекке, тимесе бұтаққа" деген әңгіменің бәрін көре беру уақытқа обал", – деді саясаткер.
Рысбек Сәрсенбайұлы Stan.kz тілшісіне берген дәл осы эксклюзивті сұхбатында бірнеше мәселені тізбектеп берді. Сондай-ақ марқұм інісі Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы да тың деректермен бөлісті.
Су жаңа бейнематериалдың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.