Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық зейнеткер қазақстандықтарды 100 миллион теңгеден астам ақшаға алдап кеткен

Атыраулық зейнеткер қазақстандықтарды 100 миллион теңгеден астам ақшаға алдап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Атырау қаласының №2 соты қаржы пирамидасын құру ісі бойынша шешім шығарды. Сотталушы әйелге қаржы пирамидасын құрды және оны басқарды деген айып тағылды.

"Айыпталушы Т., Ресей азаматы Д.-ның "Тефинико" компаниясын құрғанын біліп, компанияның атынан әрекет етпек болған. Ол өзінің таныстарына әлеуметтік желі арқылы компанияның жарнамасын жасап, оларды инвестор болуға шақырған. Айыпталушы "Тефинико” компаниясының Қазақстан аумағында тұрақты табысқа ие екенін көріп, компанияның еліміздегі бөлімшесін басқармақ болған”, – делінген ақпаратта.

Тергеу мәліметтері бойынша, әйел компанияға 19 адамды алып келген. Жалпы шығын көлемі 108 миллион теңгеден астам болса, оның 93 миллионын сотталушы тергеу сатысында өтеген.

"Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптаманың қорытындысымен, маманның қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толық дәлелденді. Прокурор сотталушыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау туралы шешім шығарылды", – делінген сот хабарламасында.

Келтірілген шығынды өтеуге байланысты 18 жәбірленуші сотталушының бас бостандығынан айыру жазасын сұрамағаны белгілі болды. 

"Сот үкімімен сотталушы Т. кінәлі деп танылып, оған зейнеткерлік жасын ескере отырып, 7 жыл мерзімге қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау