Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қол астындағы қызметкері үлкен көлемде пара алған: Атыраулық шенеунік отставкаға кетуден бас тартқан

Атырау облысында орынбасары 54 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырған облыстық Білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев отставкаға кетпеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Толғанай Көлбаева өзінің әріптестерімен бірге 2015-2020 жылдар аралығында туыстары мен таныстарының банкомат карточкаларына ақша аударып отырған. Осылайша 54 млн теңгені қолды қылған. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды, бірақ кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болғандықтан, жазаны 5 жылға кейінге қалдырды.

Заң бойынша қол астындағы адам сотталса, бірінші басшы орнынан кету керек. Алайда сотталған әйелдің басшысы облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев отставкаға өтініш жазбады.

“Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы саяси мемлекеттік қызметші болмағандықтан отставкаға кетпейді. Ол әкімшілік мемлекеттік қызметкер санатындағы лауазым иесі болғандықтан, ол сот шешімі күшіне енгеннен кейін қолданыстағы заңнамалар шеңберінде "қатаң сөгіс" түрінде әкімшілік шараға тартылды”, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтыгүл Хаменова.

Талқылау