Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық дәрігерлер аурухананың үлкен қарызына байланысты сыйақыдан қағылған (видео)

Атырау қаласындағы №4 қалалық ауруханасының дәрігерлері мекеме қарызға батқандықтан сыйақыларынан айырылған. Әлеуметтік желіде бас дәрігердің емхана қызметкерлеріне сыйақылардың болмайтынын қатал түрде түсіндірген аудиожазбасы таралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: med-practic.com

"Письмо президенту" арнасының дерегіне сенсек, аудиожазбада Атырау қалалық емханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бауыржан Төлегеннің даусы естіледі. Ол медқызметкерлерге мекеменің 700 миллион теңге көлеміндегі қарызы туралы айтып, осыған байланысты жаңа жылдық сыйақылардың болмайтынын жеткізген.

"Неліктен скрингтің есебін жаппағаным үшін сенбі күні жұмысқа шықтым деп айтпайсыздар. Маған 31 желтоқсанда сағат 17:00-ге дейін алдыма әкеліп өткізіңіз. Ешкімге сыйақы болмайды. Мен де алмаймын, сіздерге де бермеймін. Бәріне сәлем айтыңыздар. Ал №1 емхана айлықтың мөлшерінде сыйақы береді. Неліктен? Себебі скрининг 100%-ға орындалған. Бұл емхананың ешқандай қарызы жоқ. Ал бізде 700 миллион теңге қарыз", – деді ол.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі журналистерге Бауыржан Төлегеннің жаңа жылдық сыйақыларын күтетін дәрігерлерге осы жылы ешқандай сыйақы болмайтынын түсіндіргенін айтты.

 

"Бауыржан Төлеген 2024 жылдың 14 ақпанында осы қызметке тағайындалды. 2024 жылдың соңына дейін 635 миллион теңге көлеміндегі қарыздың 500 миллион теңгесі өтелді. Қазіргі таңда қарыз 135 миллион теңге, сондықтан сыйақы берілмейтін болды", – деді облыстық денсаулық басқармасы.

Бұдан бөлек бас дәрігері Бауыржан Төлеген де денсаулық сақтау министрлігінің №238 бұйрығына сәйкес сыйақылар мен қосымша қаржылай төлемдер тек қаржылық қаражат болған жағдайда берілетінін айтты. 

"2024 жылдың 30 желтоқсан күні емхана қызметкерлері тарапынан жыл қорытындысы бойынша сыйақы сұралды. Алайда емхана бүгінгі таңда 135 миллион теңге қарызы болуына байланысты, сыйақы берілмейтіні түсіндірілді", – деп жауап берді Бауыржан Төлеген.



Еске салайық, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясының Сәтбаевтағы кенішінің жұмысшылары талаптары орындалмайынша наразылықтарын жалғастыратындарын айтты. 17 желтоқсанда қызметкерлер жалақыны екі есеге арттыруды талап етіп, наразылыққа шыққан. Компания жалақыны 8,5%-ға индекстеуге уәде берсе де, жұмысшылар риза емес. 18 желтоқсанда компания басшылығы мен кәсіподақ өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар жалақыны арттыру аймақтағы және салалық айырмашылықты ұлғайтуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап жаңа ұжымдық шарт бойынша қаржылық көмек пен өтемақы көлемі арттырылатыны хабарлаған еді.

Талқылау