Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздарымызды неге осындай мектепке бермеске?": Атырауда сәләфилік идеологияны насихаттайды деген "Ұлттық қыздар мектебі" әлі жабылмаған

Атыраудағы "Ұлттық қыздар мектебі" әлі жабылмаған. Облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот аталған мектепті жабу туралы шешім шығарса да, мекеме қызмет етіп отыр екен. Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Атырау облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев айтты.  

"Жалпы бүгінгі таңда 2022 жылы арыз берген барлық заңды тұлғаларға мемлекеттік лицензиялар берілді. Тек бір жеке мектеп осы күнге дейін лицензиясыз қызмет атқарып отыр, бұл – "Ұлттық қыздар мектебі" ЖШС. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 13 шілдедегі шешімімен мектептің қызметі тоқтатылды. Алайда аталған мектеп сотқа аппеляциялық шағым бергендіктен қызметін тоқтатпай отыр. Күні бүгінге мектепте 117 қыз бала тіркелген", – дейді департамент басшысы.

Ең алғаш рет бұл мектеп туралы айтқан блогер Нұргүл Мукушева еді. Ол діни мектепке атыраулық Жолмұханова Жұмазияның басшылыққа тағайындалғанын және оның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019 жылы екеуі де қаза тапқаны жайлы жазған болатын. Сондай-ақ сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары  сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екенін айтқан еді. 

“Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы "Бопсалау" бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылды. Бәріміз білетіндей сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ беруіне түбегейлі қарсы. Себебі, олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңына қайшы және білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады. Сәйкесінше оқушылардың киім үлгісі зайырлы сипатта болуы шарт. Сәләфилердің негізгі мақсаты – деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сонымен қатар, осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, олардың қатарын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады”, – деген қоғам белсендісі Әділет министрлігінде тіркелген ұлттық емес "сәләфилік қыздар мектебіне" лицензия берілмеуін және тез арада жабылуын талап етті.

Сол кезде облыстық білім басқармасы осы ақпарат бойынша тексеруді бастап, аталмыш жеке ұйымға өкілетті органдардан лицензия берілмегендігін хабарлады.

Біз өз кезегімізде Атыраудағы ұлттық қыздар мектебінің басшылығынан резонанс тудырған жайтқа орай түсініктеме беруін сұрадық. Сөйтіп, білім ордасына барып, мектеп директорымен және оқушылардың ата-аналарымен тілдесіп қайттық. 

Білгеніміздей, Б.Майлин көшесінде орналасқан екі қатарлы мектеп 1-4 сынып аралығындағы 350 қызға арналған. Оларға 15 мұғалім дәріс береді. 

“Нұргүл Муқашева деген блогер мектепті сыртынан түсіріп, әлеуметтік желіге таратқалы бұқаралық ақпарат құралдары әлгі қауесетті бірінен-бірі көшіріп, әртүрлі қаңқу сөздердің тарауына "жәрдемдесті". Мұның бәрі биылғы оқу жылынан жұмысын бастаған мектебімізге, ондағы кейбір мұғалімдерге теріс әсер еткені белгілі. Тіпті менің жеке басыма да шүйлігіп, тағдырлы туыстарымды (жеке отбасыма қатысы болмаса да) жерден жеті қоян тапқандай "жарнамалапты", – дейді ұлттық қыздар мектебінің директоры Жұмазия Жолмұханова.

Ұлттық қыздар мектебінің директоры Жұмазия Жолмұханова

Ол мектеп кабинеттерін аралатып, ішкі тәртіппен таныстырды. Ондағы оқушылардың жартысынан көбі намазхан отбасының қыздары болғанымен, сабақ кезінде оларға орамал тағуға рұқсат етілмейді екен. 

“Оқушылардың кимешекпен келетіндері сабаққа мектеп формасын ауыстырып кіреді. Талап сондай. Ал олардың мектептің сыртындағы ұстанымдарына біздің араласуға құқымыз жоқ. Ұлттық құндылықтарға қарсы бағытта тәрбиелеуі мүмкін деген алып-қашпа сөздердің жетегінде жүргендерге есігіміз ашық, келіп балалардың қалай білім алып жатқанын көрсін. Бұнда оқушылар өздерін өте еркін сезінеді. Ешкім оларды қыспақтамайды. Бос уақыттарында спортзалда ойнайды, кітапхана келіп, ұлт ұлыларының өмірімен танысады, олардың тағылымды туындыларымен сусындайды”, – дейді мектеп басшысы.

Ата-аналар да ашылғанына көп бола қоймаған аталмыш мектептің жұмысына дән риза көрінеді. Солардың бірі – Гүлнар  Өтепбергенова. 

"Немерем осы мектептің 4-сыныбында оқиды. Өзіміз де иманды отбасымыз, балаларымыздың да жақсы жерде оқығанын қалаймыз. Осы мектеп ашылады дегелі оны жан-жақты зерттеп, қызымызды оқытамыз деп шештік. Бұған дейін немерем оқыған мектепте, апайлары ренжімесін, білімінің нашарлығын айтпағанда,  оқушысы қайсысы, мұғалімі қайсы айыра алмаушы едік. Тырнақ өсіріп, кірпік жапсырған қыз балалардың көшедегі ересек арулардан айырмашылығы жоқ. Ал мына мектепте қыздар ұлдардан бөлек ұлттық тәрбие алады. Ұлт тәрбиесі қыздардан басталады. Ендеше қыздарымызды неге осындай мектепке бермеске?" дейді ол.

ата-ана Ақылбек Тыншым

Тағы бір ата-ана – Ақылбек Тыншым арнайы қыздар мектебі болмағандықтан, қыздарын жетектеп, еліміздің әр өңірін, тіпті көрші мемлекеттерді жағалап кеткенін айтады.

"Қызымызды арнайы қыздар мектебіне оқытпақ болып Ақтөбе қаласына, кейін Алматыға бардық. Екеуінде де білім сапасы көңіл көншітпеді. Амал жоқ, Түркияға көштік. Өзім Құлсары қаласының тумасы болсам да, қызыма сапалы білім іздеп қай жерге де баруға дайын болдым. Түркияда ата-ана баласын қай мектепке беретінін өзі біледі. Соны естіп, аяқтай барып, танысып, кейін отбасымды көшіріп алып кеттім. Оқу жылы басталар тұста өз облысымызда қыздар мектебі ашылады деген ақжолтай хабарды естіп, сөйлесіп, өз Отанымызға оралдық. Қуаныштымыз", –  дейді ол.

 

Талқылау