Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы "Келешек мектептері": 6,6 миллиард теңгеге салынған мектептің құрылысы созбалаңға салынған

Атыраудағы келешек мектебіФото: Видеодан скрин

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалған кезде атыраулық ата-аналар шу шығарды. Олар "Келешек мектептері" жобасы бойынша салынып жатқан, құны 6 миллиард теңгеден асатын мектептің құрылысы тоқтап, биыл да ашылмауы мүмкін деп алаңдайды. Тұрғындар балаларын қаладағы үш ауысымдық мектептерге тасып шаршағанын айтып, наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Атыраудың іргесіндегі Ақсай-2 ықшамауданы тұрғындары жылдар бойы балаларын үш ауысымдық мектептерге тасып келген. Ауыл іргесінен жайлы мектеп салына бастағанда олар қуанышқа бөленген. Алайда миллиардтаған қаржы жұмсалған жұмыстың баяулауына байланысты мектеп биылғы жаңа оқу жылына дайын болмайды деген күдік бар.

Әйгерім Қазбекқызының айтуынша, балалар төрт ауысыммен оқиды.

"Сол себепті оларды спортқа немесе қосымша үйірмелерге беру мүмкін емес, өйткені бәріне уақыт жетпейді. Сонымен қатар қалада оқитын балалар да бар, оларға барып-келуге көп уақыт кетеді. Мектеп желтоқсан айында ашылуға тиіс еді, бірақ 30 тамызда ашылады деген уәде де белгісіз болып тұр", – деді ата-ана Әйгерім Қазбекқызы.

Орынша Айдарова айтқандай, оның үш немересі оқиды, оларды №42 мектепке 58а және 58б бағыттағы автобустармен тасиды. Бірі таңертең, бірі түсте оқиды, сол себепті олардың күні көбіне автобуста өтеді. 

Ата-аналар балаларын мектепке тасумен уақытын өткізетіндіктен, үш-төрт ауысыммен оқитын мектептерде тазалық жоқтығына да шағымданады.

Меруерт Мамбекқызының айтуынша, төрт ауысыммен оқитын сыныптарда әр сыныпта 30-35 бала болады. Сол 35 балаға 40 минут ішінде сапалы білім беру мүмкін емес деп есептейді. Сондай-ақ мектептерде таза ауа жоқ, үш ауысыммен оқитын жерде тазалық қамтамасыз етілмеген, балаға қажет жағдай жасалмаған.

Ата-аналар мектептің жаңа оқу жылында ашылуына күмәнданса да, білім беру саласының жауаптылары бір ай ішінде мектеп толық пайдалануға беріледі деп отыр.

Атырау қаласы білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенованың сөзінше, қазір Ақсай-2 елді мекеніндегі 900 орындық "Келешек" мектебінің жобасы аяқталған. 

"Құжаттарды қабылдау және мектепті ресми түрде ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін мектеп толық пайдалануға беріліп, сол елді мекеннің оқушылары білім алу мүмкіндігіне ие болады", – деді Айнагүл Дүйсекенова.

Бұл мектеп "Келешек мектептері" ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан 900 орындық білім ошағының құны 6 миллиард 600 миллион теңгеден астам.


"Балаларын қайда берерін білмейді": Алматыда тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынуы керек мектепті жекеге өтті деп шағымданды


Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде ата-аналар балаларын былтыр қабырғасы опырылған мектепке апаруға қорқып отыр


Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында балалар 2 жылдан бері дүкен ғимаратында оқуға мәжбүр болып жүргенін жаздық. Ата-аналар балаларының сапалы білім ала алмайтынына алаңдап, нақты аяқталу мерзімін сұрап отыр. Мердігер компания қаржылық қиындыққа байланысты жұмысты уақытында аяқтай алмағанын айтып ақталғанымен, жергілікті билік жаңа жұмысшыларды жалдап, қыркүйекке дейін құрылыс пен жылу-жарық жүйесін орнатуға уәде берді. Алайда ата-аналар мектептің сапалы түрде дайын болатынына сенбейді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 10:14
Талқылау