Атырауда жеті айлық сәби балабақшада шетінеп кетті: Балабақша бұған дейін заңсыз жұмыс істеп келген
Видеодан скриншот
Атыраулық Гүлзия Бекболат жеті айлық сәбиінің өліміне жекеменшік балабақша қызметкерлерін кінәлайды. Айтуынша, бөбекжай мамандары баласына дұрыс қарамаған. Келіншек тіпті қызметкерлер ұлыма қол көтерді деп күмәнданады. Сараптама қорытындысында нәрестінің қатты заттан соққы алғаны жазылған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлынан былтыр қазан айында айырылып қалды. Айтуынша, бесікте жатқан баласының көзі айналып, денесі суықтай бастапты. Содан кейін балабақша бірден хабарласып, ұлын емханаға апарған. Келіншек сау баласының бұрын-соңды ешқандай сырқаты болмаған деп отыр. Сондықтан ол ұлы бесікке қысылып қалуы мүмкін деп топшалайды.
“Балам балабақшада бесікте жатып қайтты. Сағат 4-тер шамасында бөлеп, баламды тастадым, бір сағаттан соң “көзі айналып салқындап кетті” деді. Реаниматологтың айтуы бойынша баланы бесіктен шешкен соңғы демі бітіп, көз жұмды. Балам жіпке қысылып қалуы мүмкін. Сараптама пневмония деп берді. Келіспеймін. Әркім өз жазасын алсын. Іс сотқа жеткенін қалаймын. Істі қысқартып, сотқа жетпеді”, – деді сәбидің анасы Гүлзия Бекболат.
Балабақша заңсыз жұмыс істейді екен, бірақ баланы үйден қабылдайды. Олар анасының айтқанын жоққа шығарды. Сөздерінше, сәби әу баста ауырып жүрген. Дегенмен өз тарапымыздан алғашқы көмек көрсеттік дейді.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету мамандары мұндай жекеменшік балабақшаның барын білмегендерін айтады.
“Мына оқиға бойынша бізге өтініш тіркелген жоқ. Бұл оқиға бойынша арыз-шағым түскен жоқ. Департаменттің тексеру құзіретіне жататын мәселе болса, тиісті жоспардан тыс тексеру ашып, тексеріс жүргіземіз. Ары қарай заңды шараларын қабылдаймыз”, – деді Атырау облысы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев.
Полиция қылмыстың болмауына байланысты тергеуді қысқартыпты.
“Қалалық полиция бөліміне қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілді. Баланың өлімінің себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалған, сараптама қорытындысына сәйкес қылмыстың құрамына болмауына байланысты қылмысттық іс қысқартылған”, – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Ахмет үйінің екіншісі болған. Отбасы енді ісіне салғырттық танытқандар әділ жазасын алсын деп отыр.

Қай айларда шетелге саяхаттау арзан
