Атырауда жалақысын көтеруді талап еткен өрт сөндірушілер жұмыстан қуылған
Атырауда жалақысын көтеруді талап еткен 17 өрт сөндіруші жұмыстан қуылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Олар басшылықтан жалақыны көтеруді талап еткен екен. Алайда "Интергаз Орталық Азия" компаниясына қарасты мердігер GRWORLD бәрін бір күнде жұмыссыз қалдырған. Себебі, ауылдық жерде 85 мың теңге айлықпен күнелтуге болады депті басшылар.
Өрт сөндірушілер Мақат ауданынан келіпті. Барлығы да "Интергаз Орталық Азия" компаниясының газ құбырларындағы қауіпсіздікке жауапты жұмысшылар. Олар қауіпті нысандағы өрт қауіпсіздігін жылда әртүрлі компания жеңіп алады дейді. Сондықтан өрт сондірушілер де ешқандай әлеуметтік төлемсіз, еңбек демалысынсыз түрлі компанияға ауысып жүре береді екен. Ал айлығы небәрі 85 мың теңге. Жақында "Интергаз Орталық Азияның" өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа компанияның қолына өткен. Олар осы 17 адамды жұмысқа қабылдаған. Алайда еңбек шартына келіспей, еңбекақыны көтеруді талап еткенде бәрін бір күнде жұмыстан шығарып жіберіпті.
“85 мың теңге еңбекақы аламыз. Соны 50 пайызға көтер деп талап қойдық. Сол талабымызды орындамай, бізді жұмыстан заңсыз шығарып жіберді. 29 маусымда, бүгін жұмысқа барғанда "жұмыстан боссыздар" деп, орнымызға адам алып, жұмыстан босатып жіберді. 17 адам. Ешқандай ескерту бермей”, – дейді өрт сөндіруші Сәлімбай Жұбанғалиев.
“ҚасымЖомарт Тоқаев мырзаның айтқан жолдауы бар ғой. Өрт сөндірушілердің жалақысын 70 пайызға көтеріңдер деген. Біз соны айттық. Осындай жолдау бар. Оған сіздер бағынбайсыздар ма? Қазақстанда тұрмайсыздар ма деп. Заң бір емес пе? Олар алды да, "жоқ" деді. Біз көтере алмаймыз”, – дейді өрт сөндіруші Азамат Мамышов.
Наразы топ жалақының аздығын бұған дейін де айтыпты. Ол кезде еңбек инспекторлары "шартқа қол қойдыңыздар, бұл заң бойынша келісім бергендеріңіз" деп тыйып тастаған. "Ал енді қол қоймап едік, бәрімізді жұмыстан шығара салды", - дейді ашынғандар.
Еңбек инспекциясы жұмыс берушімен сөйлескенін айтты. Бірақ мердігер жалақыны өсіруге қаржы мүмкіндігіміз жоқ депті. Дегенмен 17 адамды еңбек шартынсыз 27 күн жұмыс істеткені үшін жауапқа тартылады деп отыр.
“Бұл мәселе әлі бақылауда. Облыс әкімінің жанында үш жақты тұрақты комиссия бар. Сол комиссияға бұл жағдай айтылады. Сол кезде тапсырыс беруші "Интергаз Орталық Азия", жұмыс беруші, барлығы шақырылып, келіссөз жүргізіледі”, – дейді мемлекеттік еңбек инспекторы Кемел Иманғалиев.
Ал 17 адамды бір күнде жұмыстан шығара салған компания өкілдері өзіне шаң жуытар емес. Тіпті "ауылдық жер үшін 85 мың теңге аз ақша емес" дейді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді