Атырауда Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен қасапшы ауруханаға жатқызылды
Атырауда Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен бір адам инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Науқастың ауру малды сойған қасапшы екені анықталды.
“17 адам медицина қызметкерлерінің қадағалауында. Бір адамның қызуы көтеріліп, аурухағана жатқызылды. Сібір жарасына күдікті деп. Қазір науқастың жағдайы жаман емес. Зерттеуге алынды, анализ қорытындысын күтіп отырмыз”, – деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиева.
Науқастың әзірге нақты Сібір жарасын жұқтырғаны расталған жоқ. Себебі зертханалық сынама нәтижелері әлі дайын емес. Бейресми ақпарат бойынша, науқас Өзбекстан азаматы. Ол мал базарында қасапшы болып жұмыс істеген екен.
Сібір жарасы тараған бұл базарда тағы бір сиыр ауырып өлген. Өлекседен сынамалар алынып, зертханаға жолданды.
Қазір Атырау аумағына Батыс Қазақстан облысынан және Құрманғазы ауданынан мал әкеле жатқан көліктер тоқтатылып тексеріліп жатыр. Анықтама қағаздары жоқтар кері қайтарылуда. Сонымен қатар мал соятын жерлердің бәрін жіті тексеріліп жатыр.
“Сібір жарасы анықталуына байланысты қаладағы 4 мал сою пунктінен және сауда орындарынан 55 сынама алынды. Қорытындысы 7-10 күн аралығында шығады. Кеше тағы бір мал өлімі тіркелді. "Асыл-Агро" базарында. Одан сынама алынды. Астанаға жіберілді. Қорытындысы бес күн ішінде шығуы керек”, – деді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Еске салсақ, бұған дейін Атыраудағы "Асыл агро" мал базарында өлген сиырдан Сібір жарасы анықталған еді.