Атырауда полиция формасын киген мас ер адам жедел жәрдемде төбелес шығарды (видео)
Фото: Видеодан скрин
Атырауда күштік құрылым қызметкерінің формасына ұқсас киім киген мас ер адам жедел жәрдем көлігінде төбелес шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
3 қазан күні әлеуметтік желіде күштік құрылымға ұқсас формадағы ер адамның жедел жәрдем көлігінде төбелес шығарған видеосы тарады. Жанында жүрген полиция қызметкерлері ер адамды медицина қызметкерлері тексеру керегін айтып, жаға жыртысуға ұмтылған ер адамды тыныштандыруға тырысты.
“2 қазан күні Балықшы ықшамауданында адамдар Toyota Highlander көлігінің ішінде есінен айырылғандай күйде отырған екі ер адамды байқап қалып, “103”-ке хабарласқан. Екеуі де қатты мас. Бірі полицияға тапсырылды, ал екіншісі — 29 жастағы атыраулық аяғынан жарақат алғандықтан жедел жәрдем көлігіне жеткізілді. Алайда ол жедел жәрдем ішінде қарсылық көрсетіп, төбелес шығарған. Ол полиция формасына ұқсайтын камуфляж киген”, – делінген жазбада.
Полиция департаменті ер адамның құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ екенін нақтылады.
“Қылмыстық кодекстің 346-бабы (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік жүргізуі) бойынша қылмыстық іс қозғалды және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 675-бабы (Формалық киімді және арнайы киімді заңсыз кию) бойынша хаттама толтырылды”, – деп мәлімдеді полиция.
Іс материалдары сотқа жіберілді.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
