Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда өкпе ауруларымен есепте тұрғандардың балалары оқу орнынсыз қалмақ: Ата-аналар интернаттың жабылуына қарсы

интернат жабылуына қарсы

Фото: Видеодан скриншот

Атырауда өкпе ауруларымен есепте тұрған жүздеген адамның балалары далада қалғалы тұр. Өйткені аймақтағы жалғыз мектеп-интернатты шенеуніктер басқа мақсатта пайдаланбақ дейді ата-аналар. Ал бұған оқу ордасының қызметкерлері мен тұрғындар қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жиналған отызға жуық ата-ана мен мектеп қызметкерлері мектептің жабылатынына наразы. Сөздерінше, кейінгі жылдары балалар уақытша оқыған бөбекжай тым алыс. Сондықтан жалғыз мектеп-интернатты жөндеу жұмысы аяқталған соң, қайтарсын дейді.

“Оқу жылы басталды. Халықтың жанайқайы осы. Біздің талабымыз – осы орнымызда, осы мекемеміз де жұмыс істеу, осы жерге балаларымызды қабылдату”, – деді № 4 Атырау облыстық мектеп-интернатының қызметкері Айгүл Дүйсенғалиева.

Мекеме қызметкерлерінен бөлек, бұл жағдайға ата-аналар да алаңдаулы.

“Өтініш, бұл мектепті жаппаңыздар! Баламызды тастар жер болмағандықтан, мектепке, интернатқа тапсырамыз. Бөбекжайға тапсыратын балаларым бар. Бұл жер жабылса, баратын жеріміз болмай қалады. Жай мектепке бізді қоспайды. Есепте тұрғанымды бәрі біледі”, – деді ата-ана Айкөркем Амангелдиева.

Бұған дейін ғимаратта өкпе ауруларымен ауыратын 170 оқушы білім алған. Ал күрделі жөндеуден соң сыйымдылығы 1500 орынға жасақталған мектепті тиімді пайдалану керек дейді басқарма басшысы.

“Негізінен мектепті жабу мәселесі қазір жоқ. Қарастырылып жатыр. “Жақын арада біз мектепті жабамыз, техникалық қызметкерлер қысқарады” деген мәселе жоқ. Бұл – жалған ақпарат. Біз ол балаларды оқытатын мектептің ұстаздарына алдын ала ескерту беріп, заңдылықтарын сақтай отырып жұмыстан қысқарту және өзге жұмыстарға орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз”, – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Ата-аналар мен мектеп қызметкерлерін тиісті мамандардың бұл сөзі жұбата қоймады. Сондықтан олар оқу-ағарту министрлігіне жүгінуге ниетті.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 10:18
Талқылау
`