Атырауда мектептің төбесі құлап, оқушыларға қауіп төндіруде
Атырау қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназиясының төбесіндегі гипс қаптамалары құлап, екі мыңнан астам оқушы үйлеріне жіберілді. Осыдан үш жыл бұрын осы мектептің қабырғаларында сызаттар пайда бола бастаған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Атыраудағы беделді мектеп саналатын білім ордасында қабырғаларына сызат түсіп, жаңбырдан кейін сыныптардағы гипс қаптамалары құлай бастаған. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп директоры оларды үйге жібергенімен, қалалық білім бөлімі оқушыларды қайтадан мектепте оқытпақ.
“Жаңбырдан кейін құлай бастады. Мектепте 2150 оқушы мен 150 мұғалім бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін оларды сабақтан таратып, үйлеріне жібердік. Мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірақ жобалық-сметалық құжаттары дайын емес”, – дейді мектеп директоры Гүлфия Есқайырова.
Директордың айтуынша, балалардың басына ешқандай да гипс қаптамалары құламаған. Сол себепті ата-аналардан ешқандай шағым түспеген.
“Ертеңнен бастап оқушылар қайтадан мектепте оқитын болады. Иә, мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Арнайы компания жалдап, мектеп толық тексерістен өтті. Күрделі жөндеуден кезінде қаптамаларды да жөндеу жоспарланып отыр”, – дейді қалалық бөлім бөлімі.
Мектеп 2002 жылы бюджет қаржысына емес, "ТеңізШеврОйл" ЖШС қаржысына салынған. Компанияның баспасөз қызметі, мектепті тапсырған кезде ешқандай ақау болмағанын айтады.
“Атырау облысының құрылыс басқармасы №30 мектепті 2002 жылы пайдалануға қабылдады. Нысанның құрылыс барысын бақылау ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Құрылысы аяқталған нысанды қабылдау мен пайдалануға беруді Атырау облысының құрылыс басқармасы бекітілген жобаға сәйкес толық дайын болған кезде, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылар болған жағдайда және авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған білікті ұйымдардың бекітілген жобасына атқарылған жұмыстар сәйкес келген жағдайда жүзеге асырады. Соңғы 19 жыл бойы нысан жергілікті атқарушы органдардың қарауында болды, одан әрі барлық сұрақтар тиісті мемлекеттік органдарға жолдануы тиіс”, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Балалар қауіпті мектепте қалай оқитындары белгісіз.