Атырауда құрылысына 3 миллиард теңге бөлінген мектеп әлі салынып жатыр: Әкімдік тағы бір миллиард теңге сұрап отыр
Атыраудағы Көктем ықшам ауданында 3 миллиард теңгеге салынған мектептің құрылысы тұралап тұр. Салынып жатқанына үш жыл уақыт болған. Әкімдік бюджеттен бөлінген ақшаны азсынып, тағы 1 миллиард теңге сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жергілікті тұрғындар жырақта орналасқан мектепте үш ауысыммен оқып жүрген балалардың қауіпсіздігі мен сапасына алаңдап отыр.
“3 ауысыммен оқиды. Таңертең 07:00-де кетеді, кішкентай тышқандай балалар. Кәдімгі 7-8-де. 6-сынып оқитын бала түс қайта 15:00-де барады. Қандай білім болады? Кешкі сағат 20:00-де келеді. Біздің талабымыз мектепті жасап берсін. Жылда өтірік уәде, мына жерге тақтасын ілді, 2021-де басталды, 2022-де аяқталады деді”, – дейді қала тұрғыны Сәуле Әжіғалиева.
Қала халқы балаларды Ақсайдағы мектепке тасып жүр. Айтуларынша, ол мектепке апарар жол бірде балшық, бірде автобус болса, енді бірде болмайды дейді.
Ал шенеуніктер құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін сылтау етіп, мемлекеттен тағы 1 миллиард теңге сұрап отыр.
“Жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Бұл жерде 2022 жылы шыққан жоба. Қазір сметалық құны өзекті емес болуына байланысты жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтаған жоқ. Қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр”, – дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қабырбай.
Мердігерлердің сөзінше, әкімдіктегілер бөлінген қаржының бір бөлігін ғана берген. Олар құрылыстың сол себепті аяқталмай тұрғанын айтты.
“Қуат кабелін тарту керек. Тапсырыс беруші жалпы қаражаттың 27%-ын төледі. Енді біз қазір өзіміздің компанияның қалтасынан жұмыс істеп жатырмыз. Сол себепті біздің тараптан жұмыс жай жүріп жатыр. 800 миллион алдық”, – деді мердігер компанияның өкілі Ақжол Жарас.
Десе де шенеуніктер оқу жылына дейін мектепті қолданысқа береміз деп сендірді.
Бұған дейін 3 миллиард теңгеге салынған "Шымқала" кешені қирап жатқаны туралы жазған едік.