Атырауда блогерді соққыға жыққандарға сот үкімі шыққанымен, түрмеге бірден бармайды

Атырауда блогер Құралай Болатованы соққыға жыққан атышулы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі әйел бір жылдан бас бостандығынан айырылды, алайда кәмелетке толмаған балалары бар болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Соққыға жығылған атыраулық блогердің атышулы ісіне нүкте қойылды. Құралай Болатованың шашынан жұлып, тепкінің астына алған екі әйелдің әрқайсысы бір жылдан бас бостандығынан айырылды. Бірақ судья сотталушылардың кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдырды. Сондай-ақ, олар жәбірленушіге материалдық және моральдық шығын ретінде бас-аяғы 4 миллион теңге өндіруге міндеттелді.
Атырау қалалық №2 сотының судьясы Мөлдір Алтынәлиева Қылмыстық кодекстің 74-бабы, 1-бөлігін (Жүктi әйелдердiң және жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдердің, жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру) қолданып, оның жазасын өтеуі 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын деген үкім шығарды.
"А мен С баладан бас тартқан немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырған немесе бақылаушы орган екі рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейін қоғамдық тәртіпті бұзса, сотпен жаза өтеу мерзімін кейінгі қалдырудың күші жойылады", – деді Мөлдір Алтынәлиева.
Көпшіліктің қызу талқысына түскен бұл оқиға былтыр қазан айында болған. Сол уақытта жергілікті блогер екі келіншек қоқан-лоқы көрсетіп, зиратқа апарып азаптады деп көпшіліктен көмек сұраған еді.
Алайда сотта жәбірленушінің молада емес қаланың ішінде таяқ жегені анықталды. Тергеу дерегінше, Құралай Болатова Түркияға жолдама алып беремін деп сендірген танысына 100 мың теңге аударып, турды әлеуметтік желіде де жарнамалаған. Бірақ ешкім Ыстамбұлға бармай, ақшаны қайтарып бер дегенде тараптар арасында жанжал туындапты.
Айдана Ақмұрзаева құрбысы Ақбота Сұлтанғазымен сөз байласып, 25 жастағы қызды гастро бардың алдына шақырған. Сол кезде біреуі блогерді шашынан тартып тұрып тепкен. Содан кейін оны көлік жуу орталығының маңындағы қараңғы жерге алдап апарып, тағы соққыға жыққан. Осылайша, сотталушылардың денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендері толық дәлелденді. Жәбірленуші Құралай Болатова сот үкімімен толықтай келісетінін айтты.
"Екі қызға да бір жылдық бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өзім де соны сұраған едім. Сот әділ және заңды шешім шығарды санаймын. Сондықтан еш шағымым жоқ", – деді Құралай Болатова.
- "Қоқыс сияқты еденде сүйреген": Желіде алматылық ер адам белгісіз біреулер әкесін ұрып-соққанын мәлімдеді
-
Талғарда полиция қызметкерлері қысым көрсетті деген жігіттің денесін атаусыз молаға жерлеп тастаған
Еске салайық, былтыр Құралай өзін ұрлап әкетіп, ұрып-соққанын мәлімдеп, молаға апарып ұрып-соққанын айтқан еді. Құралай Болатованың айтуынша, 3 қазан кешінде екі қыз оны "сөйлесу керек" деген сылтаумен кафеден шығарып, көлікке отырғызып, қалалық зиратқа апарған. Сол жерде оны соққыға жыққан және қорлаған.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты