Атырауда басты тұғырда мемлекеттік ту теріс ілініп, тұрғындардың ашуына тиді
Фото: Видеодан скрин
Атырауда облыстың басты ту тұғырында Қазақстанның мемлекеттік туы теріс ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төңкеріліп ілінген тудың суреті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап,жергілікті тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл жағдайды «қалаға сын» деп бағалады.
“Бұл облыстың басты туы ғой! Мемлекеттік рәмізге қалай құрметсіздік танытуға болады", "Ешқандай тексеріс те, бақылау да жоқ. Бұл немқұрайлықтың көрінісі. Басшылыққа бәрібір сияқты”, – деп жазды олар.
Куәгерлердің айтуынша, ту бірнеше сағат бойы теріс ілініп тұрған. Кейін қала тұрғындарының бірі бұл туралы жауапты қызметтерге хабарлаған.
“Басында көзіме елестеді ме деп ойладым. Бірақ жақынырақ қарасам, расымен де ту төңкеріліп ілініп тұр екен”, – дейді қала тұрғыны.
Атырау орталығында орналасқан басты ту тұғыры – өңірдің негізгі символдарының бірі. Ол қала тұрғындары мен қонақтарының әрдайым назарында болатын нысан.
Әлеуметтік желілерде тараған сыннан кейін ту қайта ілінді. Дегенмен оқиға атыраулықтардың ашу-ренішін туғызып, көпшілік кінәлілерді анықтап, жауапқа тартуды талап етті.
“Жауапты адамдар табылсын. Бұл – ұсақ қате емес, мемлекеттік рәмізге деген немқұрайлық. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды”, – деді қоғам белсендісі.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
