Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал азығын дайындау жұмыстарының кешігуіне қатысты түсініктеме берді
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал азығын дайындау жұмыстарының кешігуіне қатысты түсініктеме берді.
23 тамыз күні өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Алихан Смайлов Атырау облысының қысқы мал азығын дайындау жұмыстары бойынша кестеден кешігіп келе жатқанын және осы бағытта жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін ескертті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Б. Рүстемов баспасөз конференциясында түсініктеме берді, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
“Облыс бойынша биыл 553 130 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалуы керек. Қазір оның 433 400 тоннасы, яғни 78,4 пайызы әзірленді. Мал азығын дайындау жұмыстарының кешігуіне өңірдегі ауа-райының да әсері болды. Жауын-шашынға байланысты шөп дайындау жұмыстары кеш басталды. Еліміздің өзге өңірлерінде күн ерте жылынып, жұмыстар ерте қолға алынады. Бірақ біз қысқы мал азығын дайындауды қазан айына дейін жалғастырып, қалған 22 пайызын орындап үлгереміз”, – деді Б.Рүстемов.
Қазір аудандарда ірі сабақты мал азығын дайындау жұмыстарына 604 трактор, 158 автомашина, 401 прицеп, 296 шабу агрегаты, 178 шөп тайлағыш, 198 орақ және 1769 адам жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Үкімет отырысында егін оруды уақытында әрі сапалы атқару, дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары өңірдегі егін жинау және дизель отынымен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде де баяндады.
“Облыс бойынша биыл егістіктің жалпы көлемі 10 099 гектарды құрап отыр. Егін жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазір жалпы егіс көлемінің 3595 гектары, яғни 35,6 %-ы жиналды. Көктемгі дала жұмыстары үшін облысқа 1080 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлініп, шаруашылық құрылымдарының сұраныстарына сәйкес, белгіленген оператор арқылы 1 литрі – 200 теңгеден берілді. Ал күзгі дала жұмыстарына – 480 тонна дизель отыны бөлінді”, – деді Б.Рүстемов.
Биыл көктемгі жауын-шашынның мол түсуі және өзен-көлдердің өр суымен толығуы қажетті мал азығының 80-90 пайызын жергілікті жерден дайындауға мүмкіндік беріп отыр.