Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысының шалғай елдімекендеріне барған дәрігерлерге 10 миллион теңгеден беріледі

ауылдардағы дәрігерлерге қандай қолдаулар барФото: freepik.com

Атырау облысындағы шалғай елдімекендерге барған дәрігерлерге 10 миллион теңгеге дейін өтемақы беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Осыдан екі жыл бұрын Прензиденттің тапсырмасына сәйкес шешім қабылдаған болатынбыз. Қазіргі таңда өтемақының деңгейін 10 миллион теңгеге дейін жеткіздік. Бұл қаражат шалғайдағы елдімекендерге барған дәрігерлерге беріледі. Аудан орталықтары мен басқа жерлерге барғандарға 8,5 миллион теңге, қаладағы тапшы мамандарға 5 миллион теңге төлемақы төленеді. Нәтижесінде осы бағдарлама аясында 200-ге жуық маман бізге тартылды.Қазір 95 маман жетіспейді. Профилді мамандар жетіспейді. Тұрғындардың өзекті мәселесі тұрғын үй жайы. Қажетті елдімекендерге барған адамдарды біз тұрақты түрде баспанамен қамтимыз.  Содан бөлек, егер жекеменшік қаражатымызбен сатып аламыз десек, Отбасы банкпен келісілген жеңілдетілген бағдарламамыз бар. Оның асында жүзден астам адам үйлі болды. Осындай шараларды қабылдап, біртіндеп маман тапшылығын шешіп келеміз", - деді әкім.

Осы тұста Stan.kz тілшісі елді-мекендердегі медицина жағдайы мен мамандарға берілетін қолдау туралы министрлік өкілдерінен сұрап білді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, елімізде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға жағдай жасау жақсы қарқында орындалып жатыр. 

“Жас мамандарға ауылдық елдімекендерде тұрғын үй алу, салу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл сома аудан орталықтары үшін 2 500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,8 миллион теңге), ал ауылдық жерлер үшін 2 000 АЕК-ке дейін (шамамен 7,9 миллион теңге) мөлшерінде белгіленген. Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында қосымша әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Ең алдымен, ауылдық жерлерде тапшы мамандықтардың нақты тізімі жасақталады. Осы санаттағы медицина қызметкерлері ауылға кемінде бес жыл мерзімге жұмыс істеуге келген жағдайда, шамамен 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Сонымен қатар ауылдағы медицина қызметкерлерінің балаларын балабақша орналастыруда, коммуналдық төлемдерді өтеуге қолдау мен жеңілдіктер көп”, – деді маман. 

Одан бөлек, ауылдағы медицина мамандарын шетелде оқытуға да жыл сайын қаражат бөлінеді екен. Мәселен, жүзден аса маман акушерлік және гинекологиядағы, травматология мен балалар хирургиясы саласы бойынша оқытылған. 

Адами ресурстарды дамыту басқармасының басшысы Гаухар Балқыбекқызының айтуынша, мемлекет үшін ауыл медицинасының дамуы ерекше назарда. 

“Бүгінде халықтың шамамен 38 пайызы ауылдық жерде тұрады. Шалғай ауылдарда аурудың алдын алу мен ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулер мен скринингтер жүргізіледі. Енді тіпті 50 адамға дейінгі елді мекендерге де жеке медицина қызметкері бөлінуі мүмкін. Бұл бұрын болмаған мүмкіндік.

Ауыл тұрғындарының дер кезінде көмек алуын қамтамасыз ету үшін заманауи жабдықталған аудандық ауруханалар жұмыс істейді. Онда КТ, МРТ, ангиографтар, сондай-ақ инсульт, кардиология, хирургия және реанимация бөлімдері бар.

Сонымен қатар, ел бойынша 147 жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды аралап, тексеру, кеңес беру және дәрі-дәрмекпен қамту қызметін көрсетеді. Бұған қоса, "Жәрдем" және "Саламатты Қазақстан" медициналық пойыздары алыс өңірлерге барып, тұрғындарға тегін көмек ұсынады. Ал шұғыл жағдайларда медициналық авиацияның 33 әуе кемесі (ұшақтар мен тікұшақтар) ауыл тұрғындарын тасымалдап, жедел көмек көрсетеді”, – деді ол. 

Гаухар Балқыбекқызы осы тұста ауыл медицинасын цифрландыру сәтті жүзеге асып жатқанын да алға тартты. 

“Қазір ауылдарда жаңа медициналық нысандар салынып, скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, диагностика әдістері жаңартылған. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерге телемедицина мен "Онлайн медицина" жобалары жетіп, ауылдағы медицинаны цифрландыру қолға алынған. Одан бөлек, 2009 жылдан бері "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау қызметкерлері ауылға жұмысқа барған кезде көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредит ала алады”, – деп қорытты маман.  

 

Рая Мінәп
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 12:35