Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысындағы жаппай төбелес: Бір адам қаза тауып, екеуі ауруханада жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Жаңауыл ауылында 29 желтоқсанда жаппай төбелес болған. Оқиға туралы ақпарат тек қазір белгілі болды. Төбелес салдарынан бір адам көз жұмып, екі адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: uzreport.news

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі жыл бұрын Жаңауыл ауылында бар ашылған. Бұл орынға көршілес ауылдардың тұрғындары жиі келетін. Ауылда жергілікті жастар мен көршілес Сафоновка (Сафон) ауылының тұрғындары арасында жиі жанжал туындайтын. Кейде ол төбелеске ұласып отырған.

Ауыл тұрғындары қаза тапқан жігіттің үйінің маңында атылғаны туралы тараған жалған ақпаратқа наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ол Сафон ауылының тұрғыны болған.
Сол қайғылы күні Сафоннан шамамен 40 жігіт үш көлікпен Жаңауылға келген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың арасында сөз талас басталып, ол төбелеске ұласқан.

Салдарынан 29 жастағы Сафон тұрғыны қайтыс болған. Сонымен қатар әртүрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға 20 және 33 жастағы екі ер адам жеткізілген.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кісі өлтірді деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді.
Тергеу аясында оқиғаға қатысы бар деген күдікпен тағы жеті адам ұсталған. Қалған мәліметтер мен тергеу барысы жария етілмеген.



Еске салайық, бұған дейін Талғарда түнде екі ер адам төбелес ұйымдастырып, пышақпен қоқан-лоққы жасағанын жаздық. Полиция 37 және 31 жастағы ер адамдарды ұстады. Жанжал туыстар арасындағы түсініспеушіліктен шыққан. Қазіргі уақытта тараптар татуласып, жағдай реттелді.

Талқылау