Атырау облысында салынып жатқан "жайлы мектептің" шатыры опырылып кетті
Фото: Аzh.kz
Құлсары қаласының "Атырау" шағынауданында салынып жатқан мектептің шатыры құлады. Білім басқармасының мәліметінше, нысан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынуда және 1200 орынға есептелген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аzh.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
"Құрылыстың аяқталуына дейін бағдарламаға жауапты әкімші – Атырау облысының құрылыс басқармасы", – деп нақтылады ведомство.
Құлаудың себептері мен зақым көлемі анықталып жатыр.
Ұлттық пилоттық жоба аясында 2023-2025 жылдары 12 мектептің құрылысы жоспарланған еді. Бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша оқу-ағарту министрлігінің тапсырысымен "Samruk-Kazyna Construction" АҚ арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Құлсарыда 1200 орындық мектептің шатырында болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
"Нысанды "Turan Ascent" ЖШС "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салып жатыр. Мектептің пайдалануға берілу мерзімі 2025 жылдың соңына жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, шатырдың құлауына құрылыс материалдарын сақтау талаптарының бұзылуы себеп болған. Атап айтқанда, спорт залының шатырының шағын бөлігіне 6 тоннадан астам ауыр шатыр материалдары орналастырылып, конструкцияның жергілікті бөлігіне зақым келтірген", – делінген хабарламада.
Жағдайды жан-жақты зерделеу үшін тапсырыс беруші тарапынан басшылық, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері кіретін комиссия құрылды. Бұдан бөлек, көтергіш конструкциялардың беріктігі мен жобалық шешімдерге сәйкестігін тексеру үшін мамандандырылған ұйым тартылды.
"Қорытынды шешім сараптама нәтижесінде қабылданады. Мердігер жіберген барлық кемшілік толық жойылады. "Samruk-Kazyna Construction" АҚ "Келешек мектептері" ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында сапа мен қауіпсіздікті қатаң бақылау принципін ұстанады", – делінген компанияның жауабында.
Ішінде 15 адам болған: Қарағандының орталығында ғимарат опырылып түсті
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру кезінде мектептің төбесі құлап кеткенін жазған едік. Оқушылар мен ата-аналар сахна жағында болғандықтан, зардап шеккендер жоқ. Мектепке жуық 40 жыл болған, зал төбесі бес жыл бұрын "армстронг" плиталарымен қапталған.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
