Атырау облысында Пшөн атты иттің өлімі: Полиция қылмыстық іс қозғады
Атырау облысының ветеринария басқармасы Пшөн есімді батыр иттің "түсініксіз жағдайда" мерт болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Басқарма мәліметінше, Сарытоғай ауылының тұрғыны Пшөннің және басқа да иттердің үстінен шағым түсірген. Сол себепті оларға ветеринарлық маман жіберіліпті. Ол жануарларды ұйықтату мақсатында, жебемен атқан.
“2024 жылдың 28 қарашасында Махамбет ауданында учаскелік ветеринарлық станцияға тұрғындардың бірінен шағым түсті. Жергілікті тұрғын аулада бөтен үш иттің жүргенін, сол себепті үйге кіре алмай тұрғанын хабарлады”, – делінген Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.
Басқарма мәліметінше, ауыл тұрғынының арызын қарау үшін ветеринарлық маман жіберілді. Ол оқиға орнына келіп, "иттерді уақытша ұйықтату” рәсімін жүргізіп, оларға жебе атқан.
"Екі ит ұйықтап қалды. Ал үшінші ит Пшөнге жебе тиіп, өзенге қарай қашып кетті. Осылайша ол түсініксіз жағдайда өлді. Прокуратура мен учаскелік полиция ветеринарлық бекет қызметкерінің әрекетінің заңдылығын зерттеп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады", – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қожайындар иттерін қоғамдық орындарда екі метрден аспайтын қарғыбаумен серуендетуі керек.
“Иттерді еркін серуендету немесе үйрету арнайы белгіленген жерлерде жүргізіледі”, – делінген хабарламада.
Облыстық полиция "жануарларға қатыгездік көрсету" бабы бойынша іс қозғады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен Пшөн есімді итті белгісіз біреулер атып өлтіргені туралы жазған едік.