Атырау облысында қазба жұмыстары кезінде ортағасырлық жәдігерлер табылды
Атырау облысы Сарайшық елді мекенінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде орта ғасырларда салынған үйлердің қабырғалары табылды. Табылған заттардың арасында киелі нысандар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ерлан Тілекқабыловтың айтуынша, қазба жұмыстары қыркүйектің 4-і күні басталған. Қазірдің өзінде ортағасырлық үйлердің қабырғалары, тандыр пештері, керамикалық ыдыстар, сүйек бұйымдары мен ортағасырлық монеталар табылған. Ғалымдар табылған көне жәдігерлерге әлі баға берген жоқ.
"Әзірге табылған жәдігерлерден ғылыми қорытынды жасалған жоқ. Шамамен 800 шаршы метр аумақта қазба жұмыстары жүргізілуде. Экспедиция құрамында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінен бөлек, жұмыссыз ретінде есепте тұрған ауыл тұрғындары да бар. Барлығы – 30 адам. Алдағы уақытта олардың қатары көбейеді", – деді Ерлан Тілекқабылов.
Талқылау