Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бір отбасының 4 мүшесі із-түссіз жоғалып, оларға іздеу салынды

Фото: Instagram atyrauoil.official

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен. Оларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Төрт ересек адам 2025 жылдың күзінде жоғалған. Алайда осы уақытқа дейін олардың қайда екені белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іздеудегі адамдар: 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Олар бір үйде тұрған. 

Алдымен отбасы мүшелерінің бірі Наурыз хабар-ошарсыз кеткен. Ол туыстарына Ақтауға қарай жұмысқа шығатынын айтқан. Алайда нақты қайда баратынын және қандай мақсатпен екенін түсіндірмеген. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген. Біраз уақыт өткен соң ауылдан отбасының қалған мүшелері де кеткен. Көршілеріне дәрігерге бара жатқанын айтқанымен, қай қалаға және қай медициналық мекемеге баратынын нақтыламаған.

Содан бері отбасы туралы ешқандай ақпарат түспеген. Туыстары олардың ем қабылдағанын да, жүріп өткен бағытын да, қазіргі орналасқан жерін де растай алмаған. Қосымша алаңдаушылық тудыратын жайт қыздары Мейрамгүлдің жағдайы. Себебі оған үшінші топ мүгедектігі белгіленген.

Жоғалғандар туралы полицияға арыз 25 желтоқсанда түскен. Атырау қаласының тұрғыны ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағанын хабарлаған. Осыдан кейін іздеу парақшалары еліміздің өзге өңірлеріндегі полиция бөлімшелеріне жолданған.

Фото: Атырау облысының полиция департаменті

Отбасының таныстарының айтуынша, олар жоғалғаннан кейін Наурыздың атынан үйдегі барлық мал сатылып, қаражат әкесінің есепшотына аударылған. Алайда қалааралық көлікке билет алу немесе такси қызметтеріне жүгіну фактілері тіркелмеген. Осы себепті полицияда олардың нақты жүріп өткен бағыты туралы ресми дерек жоқ. Қазір отбасы мүшелерін жеке көлікпен алып кеткен болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр.

Атырау облыстық полиция департаменті іздестіру шараларының жалғасып жатқанын хабарлады. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне бағыт алуы мүмкін.

Жоғалғандар туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан мына телефон нөмірлеріне хабарласу сұралады:

98-20-78, 98-20-88 немесе +7 701 304 0012.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 03 Қаңтар, 2026 10:35