Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында 11 жасар баланы қағып кеткен күдікті 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Өткен жылдың 20 қазанында Құлсары қаласында 11 жасар баланы көлігімен қағып кеткен қарт жүргізушіге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайыққа” сілтеме жасап.

сот

Ер адамға Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі "Жүргізушінің адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бойынша айып тағылды.

Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушының кінәсі сараптама қорытындысымен, жол-көлік оқиғасы болған жерден түсірілген бейнежазбамен толық расталған. Прокурор 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.  Жәбірленушінің өкілі заң талабына сай үкім шығаруды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін мойындады.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде соттылығының болмауы, шын өкінгені, егде жасы, денсаулық жағдайы және моральдық зиянды өтеуі деп санады.

Сотталушы 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды.  Жәбірленуші тараптың пайдасына одан 5 млн теңге көлемінде моральдық залал өндірілді.

Еске салайық, 20 қазан күні Жылыой ауданы Құлсары қаласында таңғы сағат 8 шамасында 5-сынып оқушысы мектепке бара жатқан "Көктем" дүкенінің маңында көшеден өтіп бара жатып, оны 73 жастағы көлік жүргізушісі Toyota Land Cruiser Prado көлігімен қағып кеткен.  Бала оқиға орнында көз жұмды.

Талқылау