Атырау әуежайына айыппұл салынды
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ жерүсті қызмет көрсету жұмыстарының сапасын қадағалау барысында Атырау әуежайына жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізілді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: rus.caspianlife.kz
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қорытынды тексеру барысында жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер ететін бұзушылықтар белгілі болған.
"Атап айтқанда, жолаушылар лифтінің болмауы, жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету үшін шарттардың заңнамалық талаптарға сәйкес келмеуі анықталды. Сондай-ақ 2021-2022 жылдарға арналған түзету іс-қимылдары жоспарының орындалмау дерегі тіркелді", - деп жазды комитеттен.
Тексеру нәтижелері бойынша инспекторлық нұсқама жазылып, орындалу мерзімі 1 ай болатын анықталған ескертулерді жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жасалды.
Алайда, анықталған ескертулер мерзімінде жойылмағандықтан, "АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ инспекторлық нұсқаманы орындамағаны және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтамағаны үшін 500 АЕК (1 725 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуге тартылды.