Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атып тұрып, жетіп келді": Ақтөбеде жас ұстаз директордан таяқ жеп қалдым деп шу шығарды

Ақтөбелік жас ұстаз әділдік іздеп, Бас прокуратурадан араша сұрауға мәжбүр. Әдемі Бауыржанқызы үш жылдан бері Пригород орта мектебінің директоры өзін қудалап, қысым көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап. 

әйел

Әлеуметтік желіге тарап кеткен видео мектеп директоры мен ағылшын тілі пәні мұғалімінің бірінің үстінен бірі сотқа шағымдануына сеп болған. Бұл 4 маусымда Пригород орта мектебінде болған жайт. Бейнежазбадан екеудің қайсысы қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсап жатқанын аңғару қиын. 

"Оның алдында да қол көтеру жағдайлары болды. Мен ол кезде түсірген жоқпын. Кірдім, кірген бойда мына қолымда сумкам бар, мына қолымда телефон. Түсіру ешқандай ойымда болған жоқ. Аяқасты болды. Келді де үстіме атылды. Орнынан атып тұрып, жетіп келді. Түсінген жоқпын не болып жатқанын", - дейді Пригород орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Әдемі Бауыржанқызы. 

Мектеп директорының уәжі мүлдем басқа. Кабинетіндегі кикілжіңге де Әдемінің өзін кінәлайды. Сол күні ол лагерьдегі жұмысқа бармайтындығын айтып, ғимаратта емтихан жүріп жатқанына қарамастан, кабинетіме келіп, шу шығарды деп отыр.

"3 маусым күні ұялы телефонмен алдыма отырып алды. Ол кезде мен кабинеттен шығарып жібердім. Менің соңымнан қашан да ақпарат жинап келді осы уақытқа дейін. Қай жерде не өткізем, түсіріп отырды. 14 тамыз жұмысқа қосылуы керек, ол кісі «без содержания» жазып, әкімшілікті тыңдамай тағы кетіп қалды. 14 қыркүйекте заң бойынша босатылады", - деді Пригород орта мектебінің диреткоры Гүлнәр Жанина.

Әдемі Бауыржанқызы ағылшын тілінің мұғалімі. Пригород орта мектебі  жас мұғалімнің ұстаздық тәжірибесіндегі алғашқы жұмыс орны. Өзі шетелде білім алған. Директордың алабөтен неге маған шүйлігетінін ақыры түсінбей кеттім дейді ол. 

"Кезекші болып тұрасың. "Мынау бұтыңа не шалбар киіп алғансың? Ааа, мынау белдемше екен ғой" міне, осылай үнемі тиіседі. Кабинетке шақырады. Үнемі кабинетінде отырамын. "Мына дипломың сенің шетелде оқыған маған бес тиынға да керегі жоқ!" деп лақтырып отырады", - дейді Пригород орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Әдемі Бауыржанқызы. 

Мектеп басшысы осыдан үш жыл бұрын жас маман деп қызметке алған адамымыз сенімді ақтамады деп отыр. Жас қыз қаладан қатынаудың қиындығын сылтауратып, бірнеше мәрте сабаққа кешігіп келгені былай тұрсын, қоғамдық жұмыстарға қатысудан бас тартады дейді. Бірақ, Әдемінің анасы бұл кикілжіңнің басқа кілтипаны бар деп санайды. 

"Сабақ бере алмай ма балаларға, білімі нашар ма? "Жоқ, ешқандай біліміне кінәрат қоймаймын. Білімді қызың, көрініп тұр шетелде оқығаны. Тек сенің қызың менің айтқаныммен жүруі керек. Не айтсам да соған көнуі керек". Сосын бір айтқаны маған "Байғаниндік екенің, нақты Тоқсанбаевтар екенін білген жоқпын, білсем алмайтын едім" деді, - дейді мұғалімнің анасы Күнзипа Тоқсанбаева. 

Айқай-шу мұнымен бітпейді. Жас мұғалім "Маған қол жұмсады" деп директорды сотқа беріп, әкімшілік, кейін облыстық сотта жеңіліп қалған. Басшысы да қол қусырып, қарап қалмапты. "Ар-намасына нұқсан келтіріп, жалған ақпарат таратқаны" үшін деп Әдемінің үстінен азаматтық сотқа шағымданған. Соттың шешімімен ағылшын тілінің мұғалімі директорға моральдық шығын ретінде 150 мың теңге төлеп, көпшілік алдында кешірім сұрауы тиіс. 

"Қысым көрсетіп я болмаса, қол көтеру фактісі болған жоқ. Қазіргі заманда оқытушы түгілі оқушыға қол көтермейсің. Мен өзім соны талап етіп отырып, қалай мұғалімге қол көтеремін?" - дейді Пригород орта мектебінің директоры Гүлнәр Жанина. 

Жанжал соттасумен бітпеген. Қызметтік тексеріс жүргізген облыстық білім басқармасы болған жайтқа мектептің басшысы да, жас маман да кінәлі деп ұйғарған. Әрі қалалық білім бөліміне этиканы сақтамай, мектепте жағымсыз жағдайға жол бергені үшін жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жаза қолдану ұсынылған. Алайда Гүлнәр Жанина азаматтық сотта оның кінәсі дәлелденбегенін алға тартыпты. Сөйтіп қатаң сөгіспен шектелген. Ал жұмыссыз қалған жас мұғалім болса, әділдік орнағанша әрекет етем деп отыр. Әдемі Бауыржанқызы Бас прокуратураға шағымданған.
 

Талқылау