"Атеистер маймылдан шыққан": Діни уағызшы Нұржан Смағұлдың басы тағы дауға қалды

Исламтану ғылымдарының PhD-докторы, діни уағызшы Нұржан Смағұлов атеистерді жануарлармен салыстырып, қоғамда үлкен дау туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде “Mihrabkz” YouTube-арнасына берген “Нұржан Смағұлов: “Атеизм – XXI ғасырдың ең үлкен алдауы ма?” атты сұхбатынан үзінді кеңінен тарап жатыр. Онда уағызшы Ахмет Байтұрсынұлының “Маймыл” өлеңіне (Иван Крыловтың “Обезьяна” мысалының аудармасы) пікір білдіреді. Оның талдауы мен қорытындысы қолданушылардың өткір наразылығын тудырды.
Видеоның астында қазақстандықтар сыни пікірлер қалдырып жатыр.
“Осындай сөздерден кейін ислам туралы теріс пікір қалыптасады”, “Ол өзіне бедел тұтатын шәкірттеріне осылай үйрете ме?”, “Алғашқы жанжалдан кейін неге оны жауапкершілікке тартпаған?” – деп жазды олар.
Бұл – аталған сұхбатқа байланысты алғашқы резонансты жағдай емес. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Смағұловтың “мұсылман адам кісі өлтірсе де, қайырымдылықпен айналысатын атеистен “жоғары тұрады” деген сөзі талқыланған еді. Бұл мәлімдеме зорлық-зомбылықты ақтау, азаматтарды діни белгісі бойынша кемсіту және зайырлы мемлекет қағидаттарын бұзу ретінде қабылданды.
Сұхбаттың тағы бір үзіндісі уағызшы атеистерді сиырлармен теңестіргеннен кейін қоғамда жаңа наразылық толқынын тудырды. Кейінірек Смағұлов кешірім сұрағанымен, “бұдан былай атеистер маймылдан шыққан деп айтамын” деп мәлімдеді. Қазақстандықтар оның бұл қылығын қорлайтын әрі келемеждеген сипатта деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін “Нұр-Мүбарак” университеті сынға қалған қазақстандық имамға тек ескерту бергені хабарланған еді.
"Жарты жылдан астам уақыттан бері ізімнен қалар емес": Сталкингтің қауіпті белгілері және одан қалай қорғануға болады?