"Ата жолы" картасы: Этникалық қазақтар Қазақстанда тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік алды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың шілде айынан бастап шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін "Ата жолы" картасы енгізіліп, елге кіріп-шығуды оңтайландыру мәселесі пысықталып жатыр. Шетел азаматтығын алған 65 қазақ "Ата жолы" картасымен Қазақстанда 10 жыл тұрып, жұмыс істей алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 65 картаның 27-сі Қазақстанда кәсібін жүргізгісі келетін бизнес-иммигранттарға берілді. 38 картаны сұранысқа ие мамандар алды.
"Ата жолы" картасын алғандардың арасында Ресейден, Германиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, АҚШ-тан, Израильден, Франциядан, Ұлыбританиядан, Нидерландыдан, Финляндиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген инженер-физик, инженер-математик, химик-технолог, жақ-бет хирургы, педиатр мамандар бар.
"Ата жолы" картасын енгізудегі мақсат – тарихи Отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда өз әлеуетін іске асыру үшін кәсіпқой мамандар мен табысты бизнесмендерді елге тарту. Картаға ие болған шетелдік қазақтар өз азаматтығынан айырылмайды.
"Ата жолы" картасының иелері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға ықтиярхат алады және жұмыс істеу немесе бизнес жүргізу үшін елді мекен аймағын өз бетінше таңдайды. Сондай-ақ оның Қазақстан азаматымен және қандастармен құқықтары тең.
"Ата жолы" картасының иелері (және олардың отбасы мүшелері) мынадай құқыққа ие:
- Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер мен қызметтер алады;
- Еңбек кодексіне және "Халықтың көші-қоны туралы" заңға сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;
- Кәсіпкерлік кодексіне және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
- "Білім туралы" заңға сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн орта бiлiм алу, мемлекеттiк орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн орта арнаулы немесе жоғары бiлiм алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
- “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
- Азаматтық саласындағы халықаралық шарттарға және заңнамалық құқықтық актілерге сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу.
Алайда "Ата жолы" картасы бар адамдардың Қазақстан парламенті мен мәслихаттарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатыса алмайды және мемлекеттік қызметке кіруге құқығы жоқ. Картаның иесі Қазақстан азаматтығын алған жағдайда карта жарамсыз болады.
Бұған дейін Ұлыбританияға жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың құқығы қорғалатыны туралы жазған едік.