Ата-анам танымай қалды: "Қалаулымның" экс-қатысушысы шоудан кетуінің себебін ашып айтты
“Қалаулым” жобасы жарыққа шыққан күнінен бастап ел арасында шу туғызды. Бірқатар қоғам белсенділегі аталған шоуды халқымыздың менталитетіне сай келмейді деп бас көтерді. Әлеуметтік желі арқылы, тіпті министрлердің назарын аударды. Алайда елді шулатқан шоу әлі күнге дейін эфирде. Stan.kz тілшісі жобаның бұрынғы қатысушысы Назерке Өскенбекпен тілдесіп, жобаның ел білмейтін қырларын анықтап көрді.
– Алдымен өзіңіз жайында толығырақ айтып кетсеңіз?
-Мен ОҚО, Арыс қаласында дүниеге келдім. Отбасымда бес ағайындымыз, ата-анам – қарапайым қызметкерлер. Мектепті алтын белгімен бітіріп, өз күшіммен ақысыз бөлімге оқуға түстім. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық университетінде оқимын.
– Қалаулымға қалай келдіңіз?
-“Қалаулым” жобасына қатысу үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бізде курстан–курсқа ауысқан кезде өндірістік тәжірибе деген болады. Ол жерде біз өзіміздің бағытымызға байланысты, өзіміз қалайтын арнаны немесе газетті таңдап, сонда бір ай ақысыз жұмыс істейміз. 2-курсты аяқтаған соң, жаңа жобаның ашылатынын естіп (жаңалыққа жанымыз құмар ғой), бір жобаға өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Кез-келген жоба басталар алдында дайындық шаралары жүргізіледі. Студияны дайындау, безендіру, жарықтар орнату және тағы да басқа ұсақ-түйек жұмыстарға бір айдай уақыт кетті. Студияда практикант болып жүргенімде, редакторлар: «сен де қатысушы болып көрсей» – деп әзілдейтін (бәлкім шын). Мен де әдетімше жай ғана жымиып, өзімнің кішкентай екенімді алға тартатынмын. Практикадағы күндерім аяқталуға жақындағанда бір қатысушы өзінің жеке шаруаларына байланысты орнын бірден босатты. Эфирдің басталуына екі күн қалды, жаңа қатысушы керек. Редакторлар: «сені жобаның бір қатысушысы ұнатады ғой, бағыңды сынап көр. Болса болар, болмаса тағы көре жатарсың” – деп ой тастады. Қатысушы атанып, бағымды сынауға бел будым. Практикант болып жүрген қыз осылай бірден қатысушыға айналды.
Басқа қатысушылар үшін де күтпеген тосын сый болды. Бастапқыда редакторлар:«бұл Қазақстандағы ең керемет жоба болады» – деп айтатын. Миллиондаған көрермендері болатынына сенімді болған. Өзіме күлкілі көрінетін. Ішімнен Қазақстанда ондай реалити-шоу бағдарламаның болуы мүмкін емес деп ойлайтынмын. Сөздің шыны керек, болашақ журналист ретінде айтсам, біздің елде бірден жарқ ететін бағдарлама әлі болмаған, болғанның өзінде жұлдызды күндері сөнген. ” “Қалаулым” екінші «Ninety one» болды ғой.
– Қай салада жұмыс істегіңіз келеді?
– Алдымнан шыққан мүмкіндіктерден бас тартқым келмейді. Өзімді әр түрлі салада сынап көргім келеді. Бір нәрсенің қолымнан келетінін білсем еш аянып қалмаймын және өзімді шектемеймін. Кейбіреулер: “модель екен, актриса екен” деп жатады. Ауыздарыңызға май, ол күнге де амандық болса жетермін.
– Жоба өміріңізге қандай өзгеріс алып келді?
– Жобаның алғашқы күндерінде, тіпті алғашқы айлары маған өте қиынға соқты. Жан – жақтан келетін көрермендердің хабарламалары , жағымсыз пікірлері маған қатты әсер етті. Кейбір туыстарымның, жақындарымның әрекеттерін есіме де алғым келмейді. Сонша негативті көтере алмай, оңашада жылап та алатынмын. «Бар-жоғы он тоғыз жастағы қызға неге сондай сөздер жазады, мен оларға не істеп қойдым?!» – деп өзімді іштей жеген уақыт та болды. Сөйтсем, өмір болғаннан кейін (көңілі түсіп) бәріне етің үйреніп кетеді екен ғой. Шыны керек, жоба мені қатты есейтті. Екі – үш айдың ішінде өмірім сексен пайызға өзгерді.
– Қазіргі қатысушылар жайында қандай пікірдесіз?
– Жаңа айтып өткенімдей, алғашқы қатысушылар да мен секілді бәрінің дәл мұндай болатынын білген жоқ. Біз бәріміз: “бағымызды сынап көрейік, теңімізді кездестірейік” – деп келдік. Ал, кейінгілерінің қандай мақсатпен келгенін білмеймін. Мен олармен араласпаймын, кейбірін танымаймын да.
Екінші курстан бастап мамандыққа қатысы жоқ жұмыстармен айналыстым. Ешкімге масыл болмай, тәуелсіз болғанды қалайтынмын. Қазір де бірнеше табыс көзім бар. Жасым 20-ға келіп, ата-анамнан ай сайын ақша алуға ұяламын. Бәлкім кішкентайымнан саудаға араласқандықтан ба, білмеймін. Үйдегілердің ақшасын оңды-солды шашуға ыңғайсызданамын.
– Ендігі жоспарыңыз қандай?
-Алла қаласа, жақында оқырмандарыммен бөлісер жақсы жаңалығым бар. Бірақ әзірге құпия, ол мақсатқа жету үшін де көп еңбек қажет. Күтіңіздер! (күліп)
– Достарыңызбен араңыз қалай?
– Қыздарға қарағанда, ұлдармен тіл табысу оңай. Өзімнің үш інім болғандықтан ба, әйтеуір, жақын достарымның көпшілігі -жігіттер. Жобада жүргенде олармен кездесе алмадым. Себебі, көрермен басқаша түсініп қалуы мүмкін деген қорқыныш болды. Кейбір достарыңмен жолығып тұрмағаннан соң арамыз алыстай береді екен. Кейде уақыт жетпейтін. Мысалы, салондарға бару, спортпен айналысу, жаңа киімдер алу, үміткерге уақыт арнау дегендей…Жобаға қатысқаннан кейін араласқысы келетін адамдардың саны көбейді. Жобада жақсы күндер де, қолайсыз күндерді де өткердім. Сол кезде менің қасымда өзімнің ең жақын деген достарым болды. Мың да бір рақмет соларға. Олардың қолдаулары маған күш берді десем болады. Ал, кейбір достарыммен ара-қатынасымызды үзуге тура келді. Қазақта «кімнің – кім екенін басыңа іс түскенде білесің» – дейтін жақсы сөз бар ғой. Сол рас екен. Басында: “неге қатысып жүрсің мына жобаға?”–дейтіндер кейін : “осы жобаға қалай қатысуға болады? Қатысушы ретінде алсыншы,сөйлесіп көрші?”-деп қолқа сала бастады. Тым күлкілі…
– Қанша жаста тұрмыс құрғыңыз келеді?
-Менің анам он сегіз жасында тұрмысқа шыққан. Анам, әпкем үшеуміз құрбылардай жақынбыз. Себебі, әпкем 1 жас, анам 20 жас үлкен. Бір-бірімізден ештеңе жасырмаймыз. Бірақ, анам ерте тұрмысқа шыққанымды қаламайды. Негізі, өзім сол жиырма жастан асқаннан кейін отбасылы болуды қалаймын. Кейбіреулер : ” алдыңда әпкең бар ғой. Неге “Қалаулымда” жүрсің?” – деп айтатын. Ол уақытта әпкемнің тойының күні белгіленген болатын, сосын кейін шегерілді. Қазір сол тойға қызу дайындық үстіндеміз. Оқырмандарымның көбі суреттеріме қарап өзімді тұрмысқа шығады деп ойлап жатыр. Кейбіріне жазсам, көпшілігіне жазып үлгермей жатырмын. Сабақ, басқа да жұмыстарым бар дегендей. Әпкемнің жасауын дайындап екі ортада жүрміз. Ал, қазір бәрін айтуға мүмкіндік туып отыр.
– Салмақ тастау үшін диета ұстадыңыз ба?
-Менің оқырмандарымды қызықтыратын сұрақ -салмақ тастауым. Шынымды айтайын, мен ешқандай диетаға отырған жоқпын. Себебі, менің оған аса күшім жетпейді. “Қалаулымның” өзі -диета. Ерте тұрасың, дайындаласың, шығып фитнеске барасың, кейде күйзеліске түсесің -осының бәрі мені бір айда аздырды. Оқырмандарыма да рақмет! Себебі, олар маған «ауылбай» , “семізсің” – деп жазып отырмағанда, мүмкін арықтамас та, өзгермес те едім. (күлді). Жобаның арқасында “толық” Назерке азып, сырты да, ішкі жан дүниесі де өзгерді.
– Шашыңызды өзгертуге себеп бар ма?
-Күйзеліске түскен кезде әйелдер, қыздар қауымы өзгергісі келеді. Көбісі осындай уақытта шаштарын қиып жатады. Ал,мен шашымды қысқартуды қаламадым. Ұзын шаш ұнайды. Сондықтан, шашымның түсін ауыстыруды ойладым. Бұл шешімді бір күнде қабылдадым.
– “Қалаулымға” қайта шақырса барасыз ба?
– Онда жоғалтқан ештеңем болмағандықтан бармадым. Әйтпесе, қайта қатысушы болу туралы ұсыныстың түскені өтірік емес.
– Жобадан кетуіңіздің шын мәнінде себебі неде?
– Жобаның ең кенжесі өзім болдым. Өзімді бала сезініп, бәріне еркелеп жүретінмін. Кейбіреулер соны дұрыс түсінбеген секілді. Балалықпен барып, есейіп шықтым. Артық әрекеттерді шешуге басым жетпеді. Сатқындықтар да болды. Содан кейін жобадан кетуді ұйғардым. Ешкімнің артын ашқым келмеді. Уақыт жеткенде шындықтың шығатынын да білдім. Ол шындықтың да ұшқындары шықты. Анам мен әпкем: «әлі де уайымсыз бала болып жүргеніңді қалаймыз, қатты тұйықталып барасың, әлі жассың , ерте есейген дұрыс емес, аз уақыттың ішінде біз сені танымай да қалдық» – дегеннен кейін жобадан кетуді ұйғардым.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Нұртас Адамбай төсек арқылы танылған актриса жайлы шындықты жайып салды
Төреғалидің журналистерге арнаған жауап-бейнебаяны жарыққа шықты (видео)
Этикеткасы алынбаған көйлекпен эфирге шыққан Аша Матай ұятқа қалды (видео)
Мөлдір Әуелбекова Баян Мақсатқызымен болған даудың нүктесін қойды
Өздері ақша тапсын: Миллионер Қайрат Құдайберген балаларына ақша беруден бас тартты