Жамбыл облысында полицейлер әулеті ата мұратын жалғастыруда
Отбасы-бұл ұлы құндылық. Отбасының негізін отағасы мен отанасы мөлдір махаббаттың күшімен тұрғызады. Берік бір үлкен үй секілді бар құлшыныстарымен, болашақ өмірге деген асқақ армандарымен біріктіре бастайды. Оның әрбір қалаған кірпіш тасына асқан төзімділік пен шеберлігін салып, арасын мейірімділікпен нығыздайды. Осындай түрлі сезімге толы күштермен тұрғызылған үйдің (отбасының) кішкентай тұрғындары, яғни ұл-қыздары екі адамның махаббатының жемісі ретінде дүниеге келе бастайды. Әке мен ананың сүйіспеншілігімен қаланған әрбір кірпіштің қатары көбейіп, тұрғындары да молаяды. Яғни, үлкен династияның пайда болуына сеп болады. Міне, осы «династия» ұғымынан бастап, мен сіздерге полиция қызметіндегі белді шенділер саналатын әулеттің тыныс-тіршілігімен тереңірек таныстыратын боламыз.
Диханбаевтар династиясында бес бірдей азамат ата аманатын жалғастырып келеді. Олар, династияның дарасы, бастауы саналатын Тохта Диханбаевтың орнын басушылар.
Тохта Диханбаев сонау сұм соғыстың сұрқиялы саясаты белең алып тұрғанда, еңбекқорлығының арқасында ішкі істер органы қатарына қабылданып, Отан үшін біршама ауқымды істерді атқарады. Ол сол заманның атағы дүркіреп, қызметін қалтқысыз орындай білген шендісі болған. Тохта 1940-1945 жылдары Ақтөбе қаласы Ырғыз ҚПБ, 1945-1948 жылдары Сарыағаш АПБ, 1948-1951 жылдары Шәуілдір АПБ, 1951-1953 жылдары ОҚО(қазіргі Түркістан) Бостандық АПБ, 1953-1956 жылдары Келес АПБ-де антына адалдық танытқан, білікті басшылардың бірі. Бүгінгі таңда Тохта Диханбаев құрметті еңбек демалысында. Еңбегі еленіп, бейнетінің зейнетін көріп жатқан зерелі зейнеткер, өзінің бар білген өсиетін немерелеріне айтудан жалықпайтын ақылы толысқан ата, ұл-қыздарын бар мейірімімен мәпелеп өсірген асқар тау абыз әке.
Тохтаның ізін жалғастырушы ұлағатты ұлы Әмірхан Диханбаевтың екінші бір шекпен киген құрметті полицей екендігі белгілі. Әмірхан Диханбаев 1970 жылы Қарағанды ІІМ-нің жоғары мектебінде білімін шыңдап, 1974 жылы жақсы көрсеткішпен тәмәмдайды. Елеулі еңбек жолын Сарыағаш АПБ-де жедел уәкіл болып бастайды. Бала күннен әкесіне еліктеп бой түзеген алғыр ұл, әкесінің салған жолын жалғастырады. Қызмет барысында тапсырылған тапсырмаларды тиянақты тындырып, қауіпті қызметінде қырағылығымен танылады. Әмірханның уақыт өткен сайын тәжірибесі де толыса бастайды. Әмірхан Тохтаұлы басшылық лауазымына лайық бірден бір қызметкер ретінде ұсынылып, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен жоғары кәсібилігінің ұштасуымен, Қазығұрт, Сарыағаш секілді аудандық полиция бөлімдеріне елеулі үлес қоса білген білікті басшы атанады.
Қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысында. Әмірханның жұбайы Күлпаршын Түркістан облысы Сарыағаш ауданының мәртебелі мұғалімі. Әмірхан мен Күлпаршынның мөлдір махаббаттарының жемісі ретінде, керегесі берік шаңырағында ұлағатты ұлдары: Арман, Азамат, Асқар мен инабатты қызы Әйгерім дүниеге келеді. Әмірхан Диханбаевтың өсірген ұлдары династияның жолын жалғастырушылар. Әмірханның ұлдары мен қызы, иықтарына жарқыраған жұлдыздарды жинақтаған атасы мен әкесіне қарап, ер жетіп, бой түзейді. «Өскенде менде полицей боламын» деген Арман мен Азамат, ақыры армандары орындалып Диханбаевтар династиясының дара жолын жалғастырады. Әмірханның ағасы, туған бауыры Темірхан Диханбаев та өз заманында полиция қызметінде полиция полковнигі шеніне дейін жеткен, аудандарда басшылық қызметтерде бірқатар оң өзгерістерді алып келген іскер басшылардың бірі. Алайда қатал өмірдің сынағы сүріндіріп, дүниеден озды.
«Адал туған бала, әкесіне пана» деп дана аталарымыз бекер айтпаса керек-ті. Ата-анасына пана бола білген жанашыр ұлдар түгел дерлік білімді, көзі ашық көкірегі ояу азаматтар болып қалыптасады. Үш арпаның ішіндегі бір бидай Әйгерім Диханбаева өмірде өз орнын тапқан аяулы ана, абзал жар.
Династияның үшінші жалғастырушысы Арман Диханбаевты да осы жерде ерекше айтып өтуді жөн деп санаймын. 1978 жылы туылып, жоғары оқу орындарында білім алып, қызметін тергеуші мамандығынан бастаған қабілетті қызметкер. Ол аға тергеуші, жедел уәкіл, қаржы полициясының полицейі, Штаб басқармасының орынбасары секілді т.б түрлі ауқымды қызметтерді еңсерген беделді полицей. Алайда, осыншалықты деңгейдегі полиция қызметінің жарық жұлдызы Арман ауырып қайтыс болған.
Қазіргі таңда династияның төртінші полицейі Азамат Диханбаев ТО ПД-нің Сарыағаш АПБ Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы лауазымында. Шені полиция майоры. Ата аманатын арқалаған Азамат Диханбаев атасы Тохтаның, әкесі Әмірханның, ағасы Арманның жолын жалғастырушы. Азаматты әңгімеге тартқанымызда әкесі Әмірханның: «Қылмыскер полициядан қорқуы тиіс, себебі, ол азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты бірден бір адам» деген сөздерін үнемі есінде сақтап жүретіндігін айтты. Азамат қанша жерден жауапкершілігі көп, өзіндік қиындығы бар қызметте жүрсе де, отбасы жайын бәрінен де жоғары қоятын ардақты әке екен. «Полиция қызметкері формасын киіп, қауіпті қызметте сан қилы қылмыскерлермен бетпе-бет келсе де, айналасындағы жақсы адамдар мен отбасына деген мейірімділігін жүрегінен өшірмеуі тиіс. Қанша жерден жұмыс соңында шаршап шалдықсамда, асыл қазыналарым- әкем мен анама, үйдегі отымды сөндірмей, дәмге толы дастарханын жайып қарсы алатын - асыл жарыма, алдымнан «Әкешім» деп тосып алатын балапандарыма жетуге асығамын.» дейді.
Ал өз кезегінде Азаматтың жары Маржан: «Әйел еркектен бір саты төмен тұруы тиіс. Еркек мал тапса, әйел бала табумен айналысуы керек. Ерін сыйлап, оның қызметіне де құрметпен қарағаны жөн. Аллаға шүкіршілік етемін, ешқашан артықтық етпейтін ақылы мен кеңесін үнемі бізге айтып, тура жолға салып отыратын ата-анамыз (атасы мен енесін айтуда) жанымызда. Өсіріп отырған балаларымыздың қарнының тоқтығы, киімінің бүтіндігі ерім Азаматтың арқасы...» дейді. Ибалы келін, аяулы ана, адал жар Маржан Абдуллақызы Азаматтың Алла қосқан қосағы. Азамат пен Маржан төрт бүлдіршінді дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған ата-ана. Маржанның әкесі Абдулла да ІІО-да елеулі еңбек сіңірген полицей. Ардақты әке, қызметте майталман мамандардың бірі.
Сөзімді қорытындылай келе, Диханбаевтар династиясының дара ұлдарының бірі, ата жолын жалғаған азамат, полиция полковнигі Әмірханның ұлы Азаматқа қоғамның тыныштығы үшін қызметіңізді мінсіз атқарып, халықтың ең жоғары бағасына лайық болыңыз дегім келеді. Диханбаевтар династиясының дара жолы жалғаса берсін.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
