Асылым 1 жаста: Арман мен Ашаның тойға дайындығы қалай? (фото)
Бүгінде Арман Қоңырбаев пен Аша Матайдың ешқандай номинациясыз, ешбір додасыз, халық арасында «жарасымды жұп» деген атақты алып үлгергені ақиқат. Қазіргі таңда танымалдылығы жағынан да дәл осы жұлдызды дуэт көш бастап тұр. Дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленген Арман мен Аша Stan.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында, бұл жолы қыздары Асылым жайлы тың ақпараттармен бөлісті. Ал, тұңғыштарын дүйім жұртқа таныстыратын сәт қыр астында!
“Алла қаласа, жақын арада қызымыз бір жасқа толады. Біз бір жасқа дейін ешкімге көрсетпейміз деп өзімізге сондай шарт қойғанбыз. Бір жас тойын жасағалы жатырмыз. Соған көптеген өнердегі, өмірдегі достарымыз келеді. Амал жоқ, енді халық қызымызды сол кезде көреді», – дейді Арман мен Аша.
Иә, бүгінде бұл жұптың жеке өмірін жіті қадағалап, әлеуметтік желідегі әр постын тағатсыздана күтетін ғаламтор тұтынушыларының санында шек болмай отыр. Ашығын айтсақ, дәл қазіргі таңда оқырмандар жас ата-ананың кішкентай ханшайымын көруге асық. Осы уақытқа дейін Асылым жайлы жан баласына жақ ашпаған жұлдыздар, бұл жолы бұрымдының тәтті қылықтарын айтып, тіпті кімге ұқсағанын да жасырмады.
«Енді қыз бала болғандықтан деп ойлаймын қызымыз Ашаға көбірек тартқан. Енді бала деген өскен сайын өзгеріп жатады дейді ғой. Бірақ, қазір жүз пайыз айтуға болмайды. Менің өз пікірім Ашаға көбірек ұқсайтын сияқты», – дейді Арман Қоңырбаев.
Жуырда Асылым 1 жасқа толғаннан кейін, көпшілік кішкентай кестетігерге көзайым болады. Тіпті, танымал бүлдіршіндердің қатарын толықтырса, таң қалмаңыз. Өйткені, жарасымды жұп қыздарының өнер жолын таңдауына қарсылық білдірмей, керісінше қолдауда қол қусырып қалмаймыз деп отыр.
«Еш қарсылығымыз жоқ. Егер де өзінің таңдауы өнер жолына түсем десе, біз қарсы болмаймыз. Керісінше қолдау көрсетеміз. Бір жасқа толғаннан кейін халық көреді ғой. Бір жерде адамдармен көрісіп жатсақ, қашанғы тығып жатамыз. Бірақ, әкесі қызын қатты қызғанады», – дейді Аша Матай.
Естеріңізге сала кетсек, Арман мен Аша 2015-ші жылдың қыркүйек айында шаңырақ көтерген еді. Ал, өткен жылдың күзінде тұңғыштары Асылым дүниеге келіп, жұлдызды жұп алғаш рет ата-ана атанған болатын.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Мақпал Жүнісова Инстаграмға “ішкен-жегенін” салатын әріптестерін сынап тастады
Мәдина Сәдуақасова Төреғалимен дуэт айту үшін күйеуінен рұқсат сұраған
Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу үшін Қытайға келді