Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астрономдар "өзге ғаламшарлық кемеден" шыққан сәулені анықтаған

Астрономдар

Фото: Facebook.com/ICQ Comet Observations

Астрономдар 3I/ATLAS жұлдызаралық нысаннан шыққан сәулелерді тіркеді. Гарвард университетінің ғалымы Ави Лебтың айтуынша, олардың табиғаты нақты белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол өз блогында 3I/ATLAS нысанынан байқалған бұл сәулелердің айналу әсерінен шашыраңқы болуы керек екенін жазды. Алайда 2025 жылдың 9 қарашадағы суретте ұзындығы миллион километрден асатын айқын бағытталған сәулелер көрінген.

“Газдың ағыны нысанның айналуын баяулатуы екіталай, өйткені газдың асимметриялы бөлінуі әдетте керісінше, айналысты күшейтеді, бәсеңдетпейді”, – дейді ғалым.

Ғалымның пікірінше, байқалған сәулелер негізгі ядродан бөлініп шыққан фрагменттердің буланған ізі болуы мүмкін.

“Ең ықтимал болжам – бұл сәулелердің бағыттылығы сақталуы олардың навигациялық мақсатта ғаламдық бағдарды ұстап тұратын қозғалтқыштар арқылы пайда болуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде 3I/ATLAS нысанының жасанды шығу тегіне жанама түрде ишара етуі ықтимал”, – деді Ави Леб.

Айтуынша, қалай болғанда да, перигелийден кейін түсірілген суреттер 3I/ATLAS-қа қатысты қазірдің өзінде 12 құпиясы бар тізімге жаңа аномалия қосып отыр.

Фото: Facebook.com/ICQ Comet Observations

Бұған дейін астроном ғарыш нысанының жақында жасаған ерекше маневрі көп мөлшердегі газ шлейфінің шығарылуымен байланысты болуы мүмкін екенін болжаған. Бұл оның массасының жартысын жоғалтуына себеп болар еді.

Тамыз айында Ави Леб 3I/ATLAS өздігінен жарық шығаратынын, оның автокөліктің фарасын секілді жарқырайтынын, бірақ бұл жарықтың көзі анықталмағанын хабарлаған. Ол 3I/ATLAS миллиондаған шақырым қашықтықтан көрінетін жарық тудыруға қабілетті қуатты энергия көзі бар бөгде ғарыштық нысан болуы мүмкін екенін айтты.

Қыркүйек айында ғалым бұл жұлдызаралық нысанның “аномальды эволюцияға” ұшырап, түсін өзгерте бастағанын мәлімдеді.

3I/ATLAS – ғарыштан Күн жүйесіне келген жұлдызаралық комета. Нысан бірінші рет 2025 жылдың 1 шілдесінде байқалған. Ғалымдар оны “жұлдызаралық” деп атайды, себебі ол Күнмен байланыспаған: оның орбитасы гиперболалық пішінде және Күннің жанынан ұшып өткен соң ол Күн жүйесіне ешқашан оралмайды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 11:24
Талқылау