Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық емхананың бұрынғы басшылары жымқырылған ақшаны Италияға сапарына жұмсаған

Фото: Stan.kz

Елорда прокуратурасы бюджет қаражатын жымқырған қалалық емхананы әшкере қылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Медициналық ұйымның бұрынғы жетекшілері ұзақ уақыт бойы азаматтарды емдеуге арналған бюджет қаражатын заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған. Ал қаражатты жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың шоттарына аударып отырған. Онымен қоймай жымқыруды заңды қаржылық операциялар ретінде бүркемелеген.

“Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника сатып алуға, сондай-ақ Италияға туристік сапарлардың ақысын төлеуге жұмсалған. Мемлекетке келтірілген залал – 675 миллион теңге”, – деп мәлімдеді Астана прокуратурасы.

Аталған дерек бойынша ведомство органдары Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

"115 миллион теңге жымқырып, елордадан пәтер алған": Түркістан облысында аурухананың бас дәрігері жемқорлықпен ұсталды

Оқыңыз

Қылмыстық іс шеңберінде елорда прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеу әрекетін жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Маңғыстауда медициналық ұйымдар 600 миллион теңгеден астам қаржы жымқырғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 16:08