"115 миллион теңге жымқырып, елордадан пәтер алған": Түркістан облысында аурухананың бас дәрігері жемқорлықпен ұсталды

Түркістан облысында орталық аурухананың бас дәрігері медициналық құрылғыларды сатып алу туралы жалған құжаттар жасап, мемлекеттен 115 миллион теңге қаржы жымқырған. Ал жымқырған ақшасына елордадан екі бөлмелі пәтер алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚМА Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, "Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы" МКК бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөлген. Кейін көптеген келісімшарттар жасау арқылы сатып алуды ұйымдастырған.
“Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған. Сонымен қатар жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген. Ауруханадан аталған компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлген”, – делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 миллион теңге болды. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған. Оның сыбайласы үйқамақта отыр.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады