Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналықтар бір-біріне жүгіріп бара жатқан сарбаздардың видеосын жіберіп жатыр

Желіде Нұр-Сұлтанда жүгіріп бара жатқан сарбаздар түсірілген видео тарап жатыр. Қорғаныс министрлігі бұл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл және Жеңіс күнінің 77 жылдығына арналған жаппай жүгіру іс-шарасы екенін хабарлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жүгіруге Қазақстан Қарулы күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мыңнан астам әскери қызметшісі, сондай-ақ елордалық Әскери колледж бен "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Спорттық іс-шара "Отан. Армия. Жас сарбаз" деп аталды. Оның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу.



"Бұндай көлемдегі іс-шара елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жаппай жүгіру Қарулы күштердің 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналды. Оған әскери қызметкерлер ғана емес, өскелең ұрпақ – болашақ Отан қорғаушылар қатысты", - деді Бас штаб бастығының орынбасары Серік Бурамбаев.

Қатысушылар "Отан қорғаушылар" мемориалдық кешенінен Тәуелсіздік, Момышұлы даңғылдары, Сарайшық, Түркістан және Достық көшелерінің бойымен "Астана-Бәйтерек" монументіне дейін бес шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өтті.

Ұлттық әскери патриоттық орталығы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шығармашылық ұжымдары жарысқа қатысушыларға, елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерт берді.

 

Талқылау