Астаналық зейнеткер 4 миллион теңгесін алаяққа өз қолымен берген
Астаналық зейнеткер 4 миллион теңгесін алаяққа өз қолымен берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқтар зейнеткерге телефон соғып, қызының апатқа ұшырағанын, проблемаларды шешу үшін қомақты қаржы талап етілетінін айтқан. 77 жастағы зейнеткер төрт миллион теңге көлемінде жинаған барлық ақшасын жинап, курьерге беріп жіберген.
Алданып қалғанын түсінген әйел полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары ақшаны алып кеткен 22 жастағы жас жігітті ұстады. Ол курьерлік қызмет үшін жалпы соманың 10 пайызын алғанын мойындады. Тергеушілер оның осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы барын анықтады. Барлық жағдайда алдаудың құрбандары қарт адамдар болған.
"Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның Астанада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", – деді Сарыарқа аудандық ІІБ басшысы Дулат Жұмағұлов.