"Өз шаруаңмен айналыс": Депутат әнші Дженнифер Лопестің сахналық киіміне пікір білдіремін деп сынға қалды
Фото: коллаж
Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің елордада өткен концертіне байланысты өз пікірін білдіремін деп сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Лопестің сахналық киімдері "тым ашық" болғанын айтқан.
"Көпшілік Джей Лоның ашық костюмдеріне назар аударды. Тіпті менің қызым да (16 жастағы) мәдениетке құрмет ретінде ол Әмірліктерде жабық киіммен өнер көрсеткенін байқады. Біз Біріккен Араб Әмірліктері емеспіз, бағытымыз басқа. Бірақ біздің де менталитетіміз бар, кейбір образдарды жергілікті аудиторияға бейімдеуге болар ма еді. Әрине JLo өз стилі арқылы ерекшеленеді. Бірақ маңыздысы – жастар мұндай нәрселерді басқаша қабылдай бастады. Бұл тыйым салуға емес, саналы диалогқа себеп болуға тиіс", – деп жазды депутат.
Депутаттың бұл пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көбі депутаттың елдегі маңызды мәселелерге емес, әншінің киіміне назар аударғанына кейіс білдірді.
"Құрметті Сәуле! Сіздің 2023 жылдан бері мәслихат төрағасы екеніңізді ескерсек, сізден құнды назарыңызды елдегі маңызды және қажет нәрсеге аударуыңызды сұраймыз: мәселен, әйелдердің құқықтары мен оларды зорлық-зомбылықтан әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға өзгертулер енгізу, елді алаяқ құрылыс компанияларынан, сондай-ақ кибералаяқтардан тазарту, алимент төлемейтін және жалақысын жасырып жүрген әкелерді қудалау, елдегі инфрақұрылым нысандарын жөндеудегі сыбайлас жемқорлық – жол жөндеу және т.б. Бізге Джей Лоның не киіп шыққаны маңызды емес", – деп жазды желі қолданушылардың бірі.
Пікір білдірушілердің арасында Астананың өзіндегі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталғандар да бар.
"Сол жағалауда, ЭКСПО аумағында мемлекеттік балабақшалардың тым аз екеніне неге назар аудармайсыз? Біз бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтердік – үнсіздік", – дейді бір пікір иесі.
Кейбір пікір білдірушілер депутат мүддесінің шынайылығына күмән келтірген: "Сәуле, депутат ретінде маңыздырақ шаруалармен айналыссаңыз және Джей Лоға бюджетті толтырғаны үшін рахмет айтыңыз".
Желі қолданушыларының басым бөлігі Лопестің сахналық бейнесі оның кәсіби стиліне, жанрына сай келетінін, көрерменін сонысымен шабыттандыратынын жазған.
"Бұл – сахналық бейне және киімдердің ешқайсысы әдепсіз көрінген жоқ. JLo физикалық саулықтың, еңбекқорлық пен тәртіптің үлгісін көрсетеді. Бұл, әсіресе, әйелдерді шабыттандырады", "Сіз оның сахнада қандай киіммен өнер көрсететінін білмеп пе едіңіз? Менталитетіңіз басқа болса, батыс әншілерінің концертіне бармаңыз, болды. Жұмысқа барыңыз", – деп жазған пікір иелері.
Депутат желі қолданушыларының пікіріне әзірге жауап қатқан жоқ.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
