Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы өрт: Зардап шеккен әйелдің жағдайы белгілі болды

Астана өрт науқасФото: Видеодан скрин/ru.freepik.com

Астанадағы 21 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өрттен зардап шеккен әйел хәл үстінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

"Алған жарақаттарына, күйіктің деңгейі мен тереңдігіне, сондай-ақ травматикалық шокқа байланысты науқастың жағдайы ауыр”, – деді көпсалалы қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Марат Сабиров.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты. 

Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.

Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Пәтердің қазіргі күйі қалай?

Өрт шыққан пәтер орналасқан 15-қабат толықтай жарықсыз қалған. Онда әлі күнге дейін өрттің іздері байқалып, күйік иісі паркингтен бастап сезіледі. Қалған қабаттарда тіршілік қалыпты жалғасып жатыр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 13:36