Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірінші оянып, барлық көршіні оятқан: Астанада үш бала көз жұмған өрттің куәгері оқиғаның мән-жайын айтты

тұрғын үйдегі өртФото: Видеодан скрин

Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрт туралы куәгер баяндап берді. Ол көрші пәтерден әйелдің әлсіз даусын естіген соң, бірден өрт сөндірушілерді шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын Аша есімді астаналық Threads парақшасында баяндады. Оның айтуынша, бәрі түн ортасында басталған.

“Түнде тренингтен кейін қатты шаршап үйге келдім. Келе сала ұйқыға кеттім. Түн ортасында, шамамен сағат 01:17-де оянып кеттім. Айнала тып-тыныш, бірақ оттың шытырлаған дыбысы естілді. Алғашында розеткада бірдеңе тұйықталып жатқан шығар деп ойладым. Ұйқылы-ояу күйде бәрін тоқтан ажыратуға кірістім. Бірақ еш нәтиже болмады. Көзімді дұрыстап ашып қарасам, пәтер ішін түтін басып барады. Сол сәтте әлсіз ыңырсыған дауыс құлағыма жетті”, – дейді тұрғын.

Ол дереу баспалдақ алаңына жүгіріп шығып, көршілерді оятқан.

“Айналаның бәрін қою түтін басып кеткен. Сонда ғана көрші пәтер өртеніп жатқанын түсіндім. Жүрегім шым ете қалды. Жүгіріп барып, олардың есігін тоқпақтап, айғайладым. Бірақ ешкім ашпады. Сосын басқа көршілердің есігін қағып шықтым. Ақырында ерлі-зайыпты көршілер есік ашып, түсінбей қарап тұрды. Мен: “Көршінің пәтерінде өрт шықты. Тез арада бірдеңе істеу керек, көмектесейік!” деп айғайладым”, – дейді ол.

Көп ұзамай басқа көршілер де шыға бастаған. Бірақ көбі абдырап қалған. Бір ер адам қолында есік бұзатын құрал жоқ екенін айтқан. Әйел болса іште адамдар барын, оларды аман алып қалу керегін жеткізген.

“Өрт сөндірушілерге хабарластым. Сол сәтке дейін іште ыңырсыған дыбыс шығып тұрды. Өрт сөндірушілер келіп пәтер есігін аша алмай біраз алысты. Ал бізді түгелдей сыртқа шығарып жіберді. Көршілер бір-біріне хабарласып, чаттарға жазып жатты. Сол сәтте өрт сөндіру техникасының бір бөлігі үйге жақындай алмай тұрғанын байқадық. Себебі бір жүргізуші көлігін дұрыс қоймай, жолды жауып тастаған. Кейін оның көлігі алынып, техникаға жол ашылды”, – дейді әйел.

Оның сөзінше, араға біраз уақыт салып пәтерден денесін күйік шалған әйел шығарылды. Ол ес-түссіз күйде жедел жәрдем көлігіне жеткізілген.

“Оның үш баласын сұрадық. Бізге бастапқыда балалар үйде болмағаны айтылды. Сол кезде тынышталып, балалар аман шығар деп ойладық. Кейін үйге кіріп, қажет заттарды алып шығуға рұқсат берілді. 15-қабатқа көтерілгенде баспалдақтан қан іздерін, күйген көйлектің бөлігін байқадық. Оған қоса күйік иісі шығып жатты. Дәл сол кезде үш баланың қаза тапқанын естідім”, – дейді әйел. 

Тұрғынның сөзінше, өрт сөндірушілер есікті ашқанға дейін балалар уланып мерт болған екен.

"Көз жасымды тоқтата алмадым. Күн сайын сол балалардың даусын еститін едім. Сыртқа шыққанда балалардың әкесі жерде отырғанын байқадым. Кенет ол өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем келіп, тексере бастады. Қасында туыстары тұрды", – дейді әйел.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты. 

Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2–3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.

Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Пәтердің қазіргі күйі қалай?

Өрт шыққан пәтер орналасқан 15-қабат толықтай жарықсыз қалған. Онда әлі күнге дейін өрттің іздері байқалып, күйік иісі паркингтен бастап сезіледі. Қалған қабаттарда тіршілік қалыпты жалғасып жатыр.

Аулада балалар қайтадан ойнап жүр. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 12:02