Астанадағы 4 жасар “шал” жұрттың зәресін алды (фото)
Астана қаласында тұрып жатқан Ернар Әлібеков үйінің ауласына емін-еркін шыға алмай жүр. Соңғы кезде көрші үйдің балалары одан қорқып қашатын болған. Бұған себеп те жоқ емес. Бүлдіршіннің терісі қартайып кеткен екен.
Бұл туралы “Другая правда” бағдарламасында айтылды.
Бірінші рет қазақстандықтар мерзімінен ерте қартаю туралы 2000 жылдары естіді. Осы кезде барлық арнадан атыраулық жігіт Нұржан Өркешбаевтың оқиғасы көрсетілген-ді. Небәрі 9 жасында оның сырт келбеті шалдікіне ұқсаған. Ал дәрігерлер оған «ерте қартаю синдромына шалдыққан» деген диагноз қойған. Сол уақыттан бастап журналистер оның мазасын ала бастады. Бүгінде 25 жасқа толған Нұржан бетіне бірнеше рет пластикалық ота жасатқан. Өткен жылы құрдасымен шаңырақ көтерді. Анасы Базаргүл Мансұрова оның дүниеге сау болып туғанын айтып жатыр. Салмағы – 3 кг 600 гр болған екен.
4 жасар Ернар Әлібековтың Нұржан Өркешбаевтан бір ерекшелігі бар. Ол – даусы. Яғни кішкене бүлдіршіннің даусы шалдікіне ұқсайды. Ернардың 2 айлығынан бастап бетінде әжімдер пайда болған. Артынша денсаулығы да сыр бере бастаған. Дәрігерлер оның ағзасында қандай өзгерістер болып жатқанын толық түсіндіре алмай отыр. Ернар көпшіл жан. Адамдармен сөйлескенді ұнатады. Өмірге деген құштарлығы да мол. Алайда қатарластарымен сирек ойнайды екен. Бұған себеп те жоқ емес.
«Ол дүниеге сау болып туды. Екі айдан кейін ернінің үстінде әжім пайда болды. Уақыт өте келе беті ісініп, ұсқынсыздана бастады. Ауладағы кішкене балалар одан қорқып, жан-жаққа қаша бастайды. Кейде үлкен кісілер де оны саусағымен шұқып көрсетеді. Шыны керек, етім үйреніп кетті. Бастапқыда үйге кіріп алып жылап жүрдім. Басқа балалар «Сенің теріңе не болған? Сен нағыз шал екенсің ғой» деп күлуді шығарды. Ол не болып жатқанын жақсы түсінеді. Менен «Бетім неге бұлай болып кетті?» деп сұрайды», – дейді анасы Зибенса Төлепбергенова.
Алайда Зибенса ханымды дәл қазір жұрттың пікірі көп алаңдатпайды. Себебі, ол перзентінің өмірін сақтап қалуды ғана ойлап жүр. Ернардың денсаулығы бұрынғысынан бетер сыр бере бастаған екен. Оған соңғы төрт жылда 3 рет ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, ол ары қарай аллергиядан қорғайтын таза ортада ғана өмір сүруі тиіс.