Астанада өрттен төрт бала көз жұмды: Отбасыға келесі жылы баспана беріледі
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өрттен төрт баласы қаза тапқан отбасы келесі жылы баспана алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖД
"Отбасы тұрғын үй алу кезегінде тұр. Келесі жылы олардың кезегі келеді. Олар "көпбалалы отбасы" санатында тіркелген. Енді сол кезекте қала береді. Заң бойынша солай. Біз бұл мәселені қосымша қарап, шешім шығарамыз", – деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім зардап шеккендермен бір үйде тұрған екінші отбасы туралы да айтты.
"Оларға уақытша жатақхана берілді. Біз ол отбасымен қосымша жұмыс істейміз. Олардың тұрғын үй мәселесі шешіліп жатыр", – деп сендірді елорда әкімі.
Әкімнің айтуынша, өртенген үй – жалға алынған коттедж, онда екі отбасы тұрған.
Еске салайық, бұған дейін 17 қазанда Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққанын жазған едік. Өрттің салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылдары туған төрт бала қаза тапты. Балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Астана әкімдігі өрттен зардап шеккен отбасыларға қажет көмек көрсетілетінін хабарлады.