Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Протез 20 миллион теңге тұрады: Автобус апатынан екі аяғынан айырылған Алуаның Германияға баруы үшін көмек қажет

Алуа Бекен-instagram.com/help.aluabekenФото: instagram.com/help.aluabeken

Астанада автобус апатынан екі бірдей аяғынан айырылған 8 жастағы қыздың туыстары Алуаның және оның отбасының қазіргі жағдайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Автобус апатынан зардап шеккен Алуа Бекеннің нағашы ағасы Бақтияр оңалтуға ақша жинау мақсатында Instagram желісінен help.aluabeken парақшасын ашқан. Әлеуметтік желідегі парақшада туысы Алуаның ем алу барысын және оның отбасының қазіргі жағдайын баяндаған.

Оның жазуынша, Алуаға автобус апаты болған 2 маусымда және 9 маусымда екі рет ота жасалған. Екінші ота гангрена болып кетпеуі үшін жасалған. Ағасының сөзінше, қыздың бір аяғы апат кезіндегі соққыдан жұлынып кеткен, екіншісі жарамсыз болып қалған.

"Оны өзіміз көрдік. Аяғын сақтап қалу мүмкін болмады деп есептеймін.

Алуамыз қатты өзгеріп кетті. Сондай өмірге құштар, өжет, ақжарқын қыз болатын. Өте қағылез, белсенді еді, езуінен күлкі кетпейтін. Қазір тұйықталып қалды. Күлімсіремейді, сөйлеспейді, үндемейді, сұраққа жауап бермейді, бәрін түсініп тұрса да, тіпті анасымен сөйлеспейді", – деп жазады ол. Тамаққа тәбеті тартпай, ойыншыққа да қызықпай қалған.

Оның жазуынша, кез келген уақытта гангрена, асқыну немесе сепсис басталып кетуі мүмкін. Сондықтан қыздың туыстары қуанып, "бәрі жақсы" деуге қорқақтайды.

"Оңалту ұзақ әрі оңай болмайды деп болжап отырмыз. Бір жылдан кейін де асқынып кетуі мүмкін ғой. Қыздың (тәнінің – ред.) жартысы ғана қалды. Оның ағзасы қалай әрекет етеді, қалай күреседі ол жағы белгісіз", – дейді ағасы.

Алуаның жағдайы тұрақталған соң туыстары анасы екеуін ем алу үшін Германияға жіберуді ойластырып отыр.

"Бізге заманауи, жеңіл, көпфункциялы бионикалық протез керек. Оның құны 32 мың еуро, яғни 20 млн теңгеден басталады", – деп жазады ағасы.

Отаның орны тезірек жазылса, туыстары 4 айдан кейін Алуаға протез іздеуге кіріспек.

"Жалпы алғанда, ешқандай асқыну болмаса, аяқты протезге дайынауға бір жылдай уақыт керек. Аяқты толық дерлік ампутациялағандықтан, тізе буыны да қалмаған, протезбен жүруді қайта үйренуге тура келеді. Бұл да оңай болмайды", – деп жазады Алуаның нағашы ағасы Бақтияр.

Ағасының жазуынша, Алуа – үйіндегі үшінші бала. Оның алдында 14 жастағы әпкесі, 13 жастағы ағасы, 7 жасар сіңілісі мен 4 жасар інісі бар. Анасы мен әкесі айырылысып кеткен.

"Олар Егіндікөлде тұрып жатқан. Балалардың әкесі аз-маз алимент төлейді. Ол ақша мүлде жетпейтін болған соң Махаббат (Алуаның анасы – ред.) жұмыс таңдамай істей беретін. Тиын-тебенге бола күн-түн демей жұмыс істеді. Ол ешқашан шағымданып, ешқашан ақша сұраған емес. Бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырса да, халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде тіркеліп, жеңілдетілген баспанаға өтінім беруді тіпті ойламаған", – дейді Махаббаттың інісі.

Оның айтуынша, анасы балаларын Астанаға жібергісі келмеген екен. 

"Мұнда анамыз, Мадияр (Махаббаттың екінші інісі – ред.) екеуміз, бұрынғы күйеуінің анасы болғандықтан, елордада қыдырып келсін деп жіберді. Сол кеште олар MEGA Silk Way-ден шығып, барлығы №10 автобустың алдыңғы жағындағы орындарға отырған – төрт бала жүргізушінің артқы жағындағы орындыққа, ал анамыз (Алуаның әжесі) есіктің алдындағы орынға отырған. Анамыз 10 маусымда ауруханадан шықты. Оған бас сүйек-ми зақымы, мидың шайқалуы, өкпенің соғылуы деген диагноз қойылды, әйнек сынығынан аяғы жараланған", – дейді Бақтияр.

Әпкесі Алуамен ауруханада жатқанда төрт балаға інісі Мадияр мен келіні бас-көз болған. Бақтияр күн ұзаққа ауруханада жүрсе, Мадияр заңгер іздеген, балаларға оның жары қарайласқан.

"Мадиярдың өзінің төрт баласы бар, бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Оған Махаббаттың төрт баласын қосыңыз. Оңай емес. Анам ауруханадан шықты, енді балаларды өзім тұрып жатқан бір бөлмелі жалдамалы пәтерге алып кетемін. Қайырымдылық көмекке жиналған ақшаны құртпау үшін, кең бөлмелі пәтер жалдағымыз келмеді. Ал өзіміздің жиған-терген ақшамыз күнделікті жүріп-тұруымызға, тұрмыстық және медициналық шығындарға кетіп жатыр", – деп жазады Махаббаттың інісі. 

Алуаның отбасы Астанаға көшіп келмек. Інісінің айтуынша, екі інісі Махаббатты бұрыннан Астанаға шақырып жүрген. Алайда ол отбасын жалғыз өзі асырап отырғандықтан, елордаға көшіп келуге үзілді-кесілді қарсы болған.

"Өзі екі жұмыста жүргенде Егіндікөл балаларына әлдеқайда қауіпсіз деп санайтын. Ауыл шағын, бәрі бір-бірін таниды. Мұнда Махаббатқа жұмыс табу оңайға соқпайды. Жолдың өзі қаншама уақытты алады. Сағаттап бала күтушісін жалдау да өте қымбат.

Жол-көлік апаты болғанын және шұғыл ампутациялау керек екенін естіген кездегі есеңгіреп қалғанымызды санамағанда, қазір ең ауыры және жанға бататыны – Алуаның "Аяғым қайда?" деген сұрағы. Оның осы сұрағы жаныңды жегідей жейді. Ол әзірге мұның мәңгілік екенін, өмір бойы өстіп қалатынын түсініп тұрған жоқ. Жаңа аяқ салып береміз деп тыныштандырамыз. Темір аяғы одан да күшті болады деп жұбатып қоямыз. Бірақ бұл әңгіме азапқа салады. Оның болашағын елестету – азап. Отбасымыз үшін енді бәрі ешқашан бұрынғыдай болмайды", – деп жазады Алуаның нағашы ағасы Бақтияр.

Реквизиттер:

Kaspi аударым (нөмірі бойынша):
+7 702 029 38 18 — Махабат Т.

Kaspi Gold:
4400 4303 0919 8254 — Махаббат

Halyk Bank:
4405 6397 0112 2614 — Махаббат

Еске салсақ, 2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, 15 адам жарақат алды. Ауруханаға ауыр халде түскен сегіз жастағы Алуа Бекеннің екі аяғын ампутациялауға тура келген

17 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Алуа ауруханадан шыққанын, Ақмола облысындағы тұрғылықты жері бойынша оңалту курсын өтетінін айтты.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 19:08
Талқылау