Астана тұрғыны 27 жасында 5 баласымен жесір қалды (фото)
Астана қаласының тұрғыны Айнұр Назарова осыдан 3 жыл бұрын небәрі 27 жасында бес баламен жалғыз қалды. Жолдасы Сайранбай Өмірзақов 2013 жылы жүрек талмасынан қайтыс болған. Бүгінде жер үйдің кішігірім жертамын жалға алып отырған Айнұр анасы Қатира Ізекееваның табысына қарап отыр, деп хабарлайды Stan.kz.
«19 жасымда тұрмыс құрдым, Қызылорда қаласының тумасымын. Жолдасым ОҚО-дағы Түлкібас ауданына алып қашты. 2004 жылы отау құрдық. Бүгінде үш ұл, екі қыздың анасымын. Күйеуім 2013 жылы жүрек ауруынан көз жұмды», – деп бастады әңгімесін көп балалы ана.
Жастайынан тұрмыс құрып, бір үйдің отанасы атанған Айнұр жоғары білім алып үлгермепті. Бүгінде Айнұр мен оның бес баласы дымқылданған жертамда тұруға мәжбүр. Өйткені пәтерді жалға берушілер бала санының көптігінен Айнұрды қабылдамайды екен.
«Үйдің іші дымқос. Оның бәрін кімге айта берем? Тұрмысқа жайлы үйді жалға алайық десек, көп баламен қабылдамайды. Жалпы өзіміз 2004-2009 жылдары аралығында Астанада тұрдық. Одан кейін жолдасымның әкесі ауырып қалғандықтан, сол кісіге қарайласу үшін Шымкентке көшіп бардық. Әкеміздің бір жағы сал болып қалды. Көп ұзамай өмірден озды. 2013 жылға дейін күйеуімізбен бірге Шымкентте тұрдық. Сол жылы күйеуім қайтыс болды. 2014 жылы асын өткізіп, одан кейін Астанаға анамның қолына көшіп келдім», – дейді Назарова.
Айтуынша, ауыл тұрғындары Айнұрды көшеге шыққаны үшін сынап-мінеген. Онсыз да тағдырдың ауыртпашылығын жастай тартқан ана оған шыдай алмапты.
«Жай аулаға шығып қалсам да, «күйеуінің қайтқаны кеше, бұл көшеде жүр» деп айтады. Шынын айтқанда, онда тұру мүмкін болмай кетті», – дейді ол.
Бес баланы жеткізу, тәрбиелеп өсіру оңай шаруа емес. Айнұр «балаларым қатарынан кем болмасын» деп Астанаға көшіп келгеннен кейін жұмысқа да орналасқан. Алайда кіші ұлы Марғұлан 2 жарым жасында қайнаған ыстық суға күйіп қалғандықтан, жұмысынан шығуға мәжбүр болған.
«Ешқайсысы да қатарынан кем қалғысы келмейді, әрқайсысын киіндіру де оңай емес. Жұмысқа тұрдым. Бірақ кіші баламның бір аяғы түгелдей күйіп қалды. Содан кейін жұмыс істеген жоқпын, отбасымызда анам жұмыс істейді, соның табысына қарап отырмыз», – деп жалғады сөзін Назарова.
Күні кеше 4 жасқа толған бүлдіршіннің көкірегінде де ақау бар. Анасының айтуынша, Марғұланның көкірегі дәл әкесінікіндей алға шығып кеткен.
«Қатты қуанып, шаттанған кезінде жүрегі көкірегіне сыймай қалады. Оның жасайтын ем-домдары бар, ол үшін ортопедиялық емханаға бару керек. Ауруханаға енді апарамын, оған да бірталай қаржы керек» – дейді ана.
Баспана кезегінде тұрған Назарова әкімшіліктің де талай мәрте табалдырығын тоздырған. Айтуынша, жайшылықта көмектесеміз деп жар салатын әкімдіктегілер жеме-жемге келгенде, сылтауларын айтып шығарып салады. Алғашқыда көпбалалы жанұя болып үй кезегіне тұрған отбасы асыраушысынан айырылғаннан кейін әкімдікке қайта барған.
«Асыраушымнан айырылдым, соны да ескерсеңіздер десем, әкімдіктегілер: «Бәрібір емес пе?» – деп өзіңе ұрсып, шығарып салады. «Көмектесеміз» дейді, барсаң өзіңе ұрсып, қуып шығады», – деп жалғады сөзін қапаланған Назарова.
Онсыз да жайсыз әрі дымқыл баспанаға ақы төлеп отырған отбасы, ең болмағанда, мемлекет үй кезегінің жылжуына көмектессе дейді.
Нұрмахан, Жанерке, Әсем, Нұржігіт, және Марғұлан есімді бүлдіршіндер мынадай үйде тұруға мәжбүр.
Иә, халық саны онсыз да аз Қазақстанда демографияға сүбелі үлесін қосып жүрген жандар осындай күй кешіп жүр. Бес баланы дүниеге әкелген аналарымыздың өзі мынадай жағдайға тап болып жатқанда, “демография” туралы сөз етудің өзі артық шығар…
Оқи отырыңыз:
Шымкенттік кәсіпкер мемлекеттен жер бөлінсе көпбалалы анаға үй салып беруге дайын
Халық: Чемпионға – $250 000, ал көпбалалы ананы алқамен алдаймыз
Баян Есентаева жалғызбасты аналарға қолдау көрсетуге шақырды
Жалғызбасты ана ұлына әкесін жоқтатпау үшін мектепке ер адамша киініп келді (фото)