Астанада 16 адам мейрамхана тамағынан уланып қалды
Астанада тоғыз адам уланып ауруханаға жатқызылды. Олардың бәрі бір мейрамханаға барған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: cafekoktem Instagram-парақшасы
Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бір топ адам бір жерден тамақтанғаннан кейін уланып қалды деп күдіктеніп отыр.
№3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жедел ішек инфекциясының клиникалық белгілерімен алты адам жатқызылды.
"Астанада қалалық жұқпалы аурулар орталығының жедел жәрдем бөліміне "Көктем" мейрамханасында улану салдарынан жедел гастроэнтеритпен 10 науқас медициналық көмекке жүгінді. Тоғыз науқас қажетті тексеру және медициналық көмек алу үшін ауруханаға жатқызылды. Бір науқас ауруханаға жатудан бас тартып, амбулаторлық емдеуге шығарылды", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір ауруханаға жатқызылғандардың барлығының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында 4-сынып оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 18 ақпанда Қобда ауданында болған. Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 23 оқушысы шұғыл ауруханаға жатқызылған. Төртінші сынып оқушыларында жүрек айну, көзден жас ағу және бөртпе белгілері байқалған. Мәліметке сәйкес, балалар қытай тағамдарынан уланған. Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.