Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада тісін емдетпек болған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта дәрігерлердің қызды құтқаруға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді

Видеодан скрин

Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырсында дәрігерлердің қызды құтқарып қалуға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сағат 14:06-дан 15:04-ке дейін дәрігерлер қыздың жүрегін іске қосуға тырысып, оған шұғыл медициналық көмек көрсеткен, алайда баланы құтқару мүмкін болмады. Кадрлардан бөлмеде бөгде ер адамның болғаны да байқалады.

Ал сағат 14:56-да жедел жәрдем бригадасы келген.

Видеодан дәрігерлердің ата-ананы бірден шақырмағанын байқауға болады, ата-анасы палатаға кіргенде қыздарының көз жұмғанын көреді. Кадрлардан қыздың ата-анасының жылап, айғайлап жатқанын көруге болады.

Жәбірленушілердің адвокатының айтуынша, кадрлардан дәрігерлердің дефибрилляторды жерге түсіріп алғаны көрінеді. Сараптама құжаттарына сәйкес, ол қолданылмаған. Дефибриллятор басқа кабинетте тұрған, ал ережеге сай ол әр бөлмеде болуы тиіс. Олар оны түсіріп алып, қолдануға тырысып, кейін шетке қойып қойған.

“Дефибриллятор тек жүрекке дефибрилляция жасау кезінде қолданылады. Алдыңғы отырыста мен монитордан жүрек ритмі 300-ді көрсеткенін және оны бақылауға болатынын түсіндіргенмін. Сол мезетте дефибриллятор қолданылуы тиіс еді. Мен жүрек қағысы жоғалғанын көрдім. Мұндай жағдайда дефибриллятор қолдануға болмайды, себебі ол күйік қалдырады, ал ашып тексергенде бұл кемшілік ретінде бағалануы мүмкін”, – деді айыпталушы.

Судья айыпталушыдан “сол сәтте сіз баланы жоғалтып жатқаныңызды түсіндіңіз бе?” деп сұрады.

“Біз жүректің тоқтағанын түсіндік. Биологиялық өлім тіркелген жоқ, бірақ жүрек тоқтағаны рас”, – деді анестезиолог.

Сотта анестезиолог баланың жүрегін іске қосу үшін неге сырттан маман шақырылғанын да түсіндірді.

“Ол менің әріптесім, біз бірге Ұлттық кардиологиялық орталықта жұмыс істедік. Мен оны көмектесу үшін шақырдым, себебі реаниматолог жалғыз жұмыс істей алмайды, қасында әрдайым әріптесі болуы керек. Көмекті кез келген білікті маман көрсете алады”, – деді күдікті.

Прокурордың “неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?” деген сұрағына айыпталушы былай деп жауап берді:

“Жедел жәрдем бригадасы дәрігер мен фельдшерден тұрады. Дәрігер – реаниматолог емес, сондықтан олардың міндеті тек науқасты жансақтау бөліміне жеткізу. Мен реаниматологпын, әріптесім де солай. Біз кәсіби реанимациялық көмек көрсеттік, ал жедел жәрдем негізінен базалық көмек көрсетеді”, – деді айыпталушы.

Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 18:57
Талқылау